Қазір мамандықты кез келген жаста, кез келген уақытта өзгертуге болады. Ол үшін қайта жоғары оқу орнына түсіп, бірнеше жыл білім алудың қажеті жоқ. Ақысын бөліп төлеуге болатын курстар мен арнайы мектептер бар. Тіпті интернеттен тегін курстарды да табуға болады. Бүгін жаңа саланы меңгерсем деп жүрген жандарға үйде отырып-ақ меңгеруге болатын табысы мол салалар тізімін ұсынамыз.
1. Монтаж режиссері
Монтажёр кадрлардың жиынтығын үйлестіре отырып, үлкен бір туынды дайындап шығады. Ол кішкентай үзінділер арқылы көруге болатын, белгілі бір реттілікпен орналастырылған видео дайындайды. Тіпті суреттерді сөйлете алады. Бүгінде интернет қолданушылардың басым бөлігі ақпаратты видео түрінде қабылдайды. Сол себепті мобилография мен режиссураға деген сұраныс артып келеді. Бұндай саланы меңгерген маман кино, жарнама, музыка, телеарна мен влог саласында қызмет етеді. Монтаж режиссёрі болу үшін талғам мен байқампыздықтан бөлек, техникалық білім керек.
Талғамды жетілдіруге болады, ал техникалық білім алу үшін ізденіс пен ерік-жігер керек. YouTube желісінде видео өңдеу жұмыстарын үйрететін арналар жеткілікті. Мысалы, Adobe Premiere Pro, DaVinci және Avid бағдарламаларымен жұмыс істеуді үйрену қиын емес. Түрлі эффектілермен жұмыс істеу үшін Adobe After Effects және дыбыстарды тазалау үшін Adobe Audition бағдарламаларын қосымша меңгеру де артық етпейді.
2. Интерьер дизайнері
Соңғы уақытта минимализм және еуропалық стильдегі интерьер дизайны сәнге айналды. Бірақ өз бетімен эстетикалық дизайн жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оның үстіне көп уақыт пен күшті қажет етеді. Сондықтан кәсіби маман көмегіне жүгінетіндер көп. Интерьер дизайны тек трендтерді біліп қана қоймай, тапсырыс берушінің тілін тауып, қалауын түсіне білуі тиіс.
Интерьер дизайнер Archicad, AutoCAD немесе Revit бағдарламаларын, 3D‑визуализация жасау үшін 3ds Max, SketchUp немесе Procreate бағдарламаларымен жіті таныс болуы керек.
3. Python‑разработчик
Енді ғана мансап жолын бастаған Python‑әзірлеуші айына 300 мыңдай табыс табады. Ал, олардың орташа жалақысы 750-800 мың көлемінде. Оның үстіне жұмыс табу да қиын емес: Python – қосымшалар, ойындар жазатын ең танымал бағдарлама тілдерінің бірі. Мысалы оны Dropbox, YouTube және Google кей жобаларын жасау үшін қолданған.
Python тілінің басты ерекшелігі оның жеңіл болуында. Бағдарламалау тілінің негізі саналатын тіл енді ғана үйрене бастағандар үшін қолайлы. Үйрену үшін 6 ай жеткілікті. Жарты жылдың ішінде тағылымдамадан өтіп, алғашқы жалақыны алуға мүмкіндігіңіз болады. Оның үстіне IT мамандарына кеңседе жұмыс істеу міндеттелмейді. Сонымен қатар, шетелдік компанияларда қызмет ету мүмкіндігіе ие бола аласыз.
4. Продакт‑менеджер
Продакт‑менеджердің басты міндеті – өнімді жасау және оны сатылымға жіберу кезінде сәтті іске асуын қамтамасыз ету. Бұндай маман сараптама жасау, ақпарат жинау бойынша дағдыларды меңгеруі тиіс. "Белгісіздікпен" жұмыс істеуге дайын болуы тиіс. Оның жасаған гипотезалары дұрыс болмауы, зерттеген нарығы лезде ауысып кетуі, ал бәсекелестері жаңа өнімді ертерек нарыққа шығаруы әбден мүмкін.
Саланың артатын жауапкершілігі жоғары, сәйкесінше жалақысы да жақсы. Шамамен айлық табысы 850 000 теңге көлемінде. Оны да арнайы курстарды оқу арқылы меңгеруге болады. Оқу барысында MVP жасауды, метриканы сараптауды, топтық жұмыс, аудитория, нарық және бәсекелестерді зерттеуді үйренесіз.
5. Таргетолог
Барлық бизнес интернеттегі жарнама көмегіне сүйенеді. Бірақ қолданушылар кез келген компанияны көре бермейді, олардың қызығушылығы, қажеттілігі мен тұрғылықты жеріне байланысты шығады. Таргетингтің басты мақсаты да сол. Оған қол жеткізу үшін жарнамалық құралдарды шебер қолданып қана қоймай, аудиторияның портретін жасай алуы тиіс.
Таргетинг жарнама берушілер үшін маңызды: ол жарнамаға арналған қаржыны тиімді жұмсауға көмектеседі. Оны "Яндекс Дзен", "ВКонтакте", TikTok, Instagram сынды әлеуметтік желілерде жүзеге асыруға болады.
Аталған мамандықтардың бірін меңгеруді ойға алсаңыз, бастамаңызға сәттілік тілейміз!