Алматыда кейінгі екі жылда дәмхана, мейрамхана, сауда орнында тамақтан ұшынғандар анықталмаған. Бірақ дәрігерлер ботулизммен ауырған адамдарды тіркеген. Олардың бәрі үйде жасалған консервіні тұтынған. Бұл туралы ӨКҚ-да өткен баспасөз конференциясында қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гаухар Қаткенова мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Былтыр ботулизммен ауырған үш адам тіркелсе, биыл да осындай үш науқас анықталған. Барлығына үйде жасалған консервілер, яғни қырыққабат, маринадталған қызанақ пен салат себеп болған.
"Олар дұрыс жасалмаған, дұрыс сақталмаған өнімдерді тұтынған. Бұл үйде консервілеу қауіпті екенін көрсетеді", - деді ол.
Дәрігерлердің айтуынша, ауру аяқ асты басталады, жүрек айну, құсу, іш өту, әлсіздік секілді сезімдер пайда болып, дене қызуы да көтеріледі. Кейінірек көру қабілеті нашарлап, көз бұлдырап, жұтыну қиындайды. Осындай белгілер пайда болса, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.
Көктем-жаз маусымы басталғанда жаңа піскен жеміс, көкөністің сапасына да ерекше көңіл бөлініп, бақылауға алынады. Әсіресе, ерте піскен жемістер қауіпті, оларда пестицид пен нитрат қалып қоюы мүмкін.
"Құлпынай, шие, өрік, шабдалы, қарбыз бен қауын секілді ерте піскен жемістерде қолданылған заттардың қалдығы қалуы мүмкін. Олардың мөлшері нормадан асса, денсаулыққа зиян тигізеді. Сондықтан мұндай өнімдерді жақсылап жуып, қабығын аршу керек", - деп түйіндеді маман.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова