Әзербайжандық әнші, танымал "Istәdim" әнінің орындаушысы Роза Зергерлі Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваға қатысты айтылған хейтке жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Бұл туралы ол Marat Oralgazin Youtube парақшасында жарияланған "Қызық Премия-2024" шығарылымының пікірлер бөлімінде жазып кетті.
Әлеуметтік желіде халық әртісі, әнші Роза Рымбаеваның көпшілік алдында орысша сөйлеуі үлкен талқылауға түсті. "Қызық Премия-2024" ойын-сауық кешінде қонақ болған Әзербайжан елінің әншісі Роза Зергерлінің ана тілінде сөйлегеніне сүйсінген жұрт Роза Рымбаеваны қонақтың көзінше бір ауыз ана тілінде тіл қатпады деп сынға алды. Бұл туралы ойын журналист Жарас Ниязбек желіде бөлісті.
"Биыл үздік деп танылған "Istadim" әнінің орындаушысы әзербайжан жұлдызы Роза Зергерлі қонақ болыпты. Алғашында ана тілінде сөйлеп, орысша сөйлемеуге тырысқан еді. Сахнаға Роза Рымбаева шыққанда бәрі быт-шыт болды. Апам шыққаннан орысша сөйледі. Қонақ Роза ұялды ма, ыңғайсыз санады ма, ол да орысша жіберді аттың басын. Жүргізуші Еркебұлан мұндайды күтпесе керек. Былтырғы сценарий болар деп ойласа керек. "Сізбен орысша сөйлесе беруге болатын ба еді? Неге айтпадыңыз?" деп таңданып жүр. Апам бір ауыз қазақша сөйлемеген күйі сахнадан кетті. Ұят болды!", - деп жазды журналист.
Пікірлер бөлімінде көпшілік журналистің айтқан ойына қосылды. Енді бірі - халық әртісі бәріне түсінікті тілде сөйлеп, көпшілікті ойлағанын, өзін жасанды ұстамағанын айтқан қолдаушылары да болды.
"Жұрттың Розасы - Роза…", "Халық Рымбаеваны тұрып, қол шапалақтап қарсы алды. Дұрыс айтасыз, қазақша сөйлеуі керек еді", "Рымбаеваның өмірде ана тілінде жақсы сөйлейтінін, екі баласына керемет тәрбие бере алғанын елдің бәрі біледі ғой. Ол ТМД елдері тамашалайтындықтан көрерменге түсінікті болсын деп сөйлеп кетті-ау. Роза апамыз қарапайым өмірде өте ғажап, әрі мәдениетті сөйлейді", - деген түрлі пікір қалдырды жұрт.
Әзербайжандық әнші Роза Зергерлі көптің пікіріне жауап берді. Роза Қуанышқызын сынға алған халыққа шығарылымның пікірлер бөлімінде ойын айтты.
"Қымбаттыларым менің! Ең бастысы - біздің тамырымыз бір. Роза ханым бізге халық арасында мені тыңдап, бірақ түсінбей отырған мыңдаған адамның бар екенін ұқтырды. Мен де сол тұста солай орысша сөйлеп, ол кісіге де, сіздерге деп жылы лебізімді білдіріп, әзілдей де алдым. Жаңа жыл құтты болсын! Мейірімді болайықшы! Сіздерді жақсы көремін", - деп жазды ол.
Еске салайық, бұған дейін Роза Зергерлі Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаевамен жүздесу кезінде есімінің тарихын айтып, өзін әкесі Рымбаеваның құрметіне осылай атағанын жеткізіп, жұртты сүйсінткенін жазған едік.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!