Үш жыл өмірі қалған әйел онкологтарды таңғалдырды

Ұлыбританияда сүт безі қатерлі ісігінің соңғы сатысы анықталған әйел диагноз қойылғаннан кейін үш жылдан соң онколог дәрігерін таңғалдырды. Әйелдің оқиғасын Daily Mirror басылымы жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

32 жастағы Клэр Уэбб кеудесінен түйін байқап, ісіну пайда болғаннан кейін дәрігерлерге қаралған. Тексеру кезінде оның сүт безінің қатерлі ісігіне шалдыққаны және дерт өкпесіне метастаз бергені анықталды.

Дәрігерлер ем ауруды толық жазып жібермейтінін, тек оның таралуын тежеуге көмектесетінін айтқан. Сондай-ақ, оған шамамен үш жыл өмірі қалғанын ескерткен. Диагнозды естігеннен кейін британ әйел өмірден өтуге дайындала бастаған: өсиет хат жазып, ұлының болашақтағы маңызды сәттеріне арнап хаттар қалдырған.

Алайда ауыр диагнозға қарамастан, әйел үш курс химиотерапиядан өткен. Содан кейін ағзасындағы қатерлі ісіктің белгілері жоғалған. Кейін оған бұған дейін мүмкін емес деп саналған мастэктомия жасалып, ұзақ мерзімді иммунотерапия тағайындалды.

Онкологтардың айтуынша, емге мұндай жауап өте сирек кездеседі. Сондықтан дәрігерлер оны терапияға ерекше әсер берген науқас деп атап отыр.

Диагноз қойылғаннан кейін үш жыл өткенде Клэр Уэбб ұлының мектепке барғанын көрді. Бұған дейін ол бұл күнге жетемін деп ойламаған.

Әйел енді дәрігерлердің жаңартылған болжамын білгісі келмейтінін айтады. Ол бар назарын емге және отбасымен бірге өткізетін өміріне аударуды жөн көреді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!