23 сәуірде Қазақстанда Ұлттық кітап күні ресми түрде атап өтіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде көпшілікке арналған 3 912 кітапхана жұмыс істейді, онда 10 мыңнан аса адам еңбек етеді. Олардың негізгі үлесі ауылдық жерлерде, яғни 3 343 кітапхана бар.
Кітапханалардың басым бөлігі әмбебап кітапханалар, саны - 3 866. Сонымен қатар, 20 ғылыми, 19 арнайы және 7 өзге типтегі кітапхана бар. Балаларға арналған 269 мекеме жұмыс істейді.
Кітапханалардың ең көбі Түркістан облысында орналасқан (388). Одан кейін Батыс Қазақстан (359), Ақмола (341) және Қостанай (336) облыстары тұр. Барлық кітапханадағы жиынтық қор - 110,3 миллион басылым, оның ішінде 69,6 миллионы - кітаптар. Ең ірі қор Алматы қаласында: 37,5 миллион басылым.
2025 жылы кітапханаларға оқырмандар 55,2 миллион рет барған. Келушілер саны бойынша Алматы көш бастап тұр: 5,4 миллион адам. Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан (4,6 миллион) және Түркістан (4,1 миллион) облыстарында да жоғары көрсеткіш тіркелген.
Айта кетейік, бұл бастаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген болатын. Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы тапсырма берді. Осылайша 2025 жылдан бастап 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып белгіленді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!