Шетелде білім алып, басқа елдің мәдениетімен танысып жүрген жастар көп. Соның бірі - Гүлімбибі қазіргі таңда Корея Республикасындағы Донгук университетінде "Корей тілін шет тілі ретінде оқыту" мамандығы бойынша магистратурада оқып жатыр. Корей халқының салт-дәстүрі, өмір сүру ерекшеліктері туралы Massaget.kz тілшісіне баяндап берді.
"Корей тілін жетік меңгердім"
23 жастағы Гүлімбибі Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінде білім алған.
"Негізгі мамандығым - корей тілінен аудармашы. 2020 жылы академиялық алмасу бағдарламасы бойынша Хангук шет тілдері университетінде білім алған едім. Сол жылы Кореяға бірінші рет бардым. Шетелдік университет қабырғасында оқи жүріп, білім деңгейі жоғары деңгейде екендігіне, студенттердің білім алып дамуына жақсы жағдай жасалғандығына, мүмкіндіктердің көп екендігіне көзім жетті. Сондықтан магистратураны осы мемлекетте оқимын деген мақсат қойып, Кореяға магистратураға тапсыруға шешім қабылдадым. Бакалаврдың соңғы курсынан бастап магистратураға түсуге дайындалып, 2022 жылы наурыз айында GKS(Global Korea Scholarship) бағдарламасы арқылы Донгук университетіне құжаттарымды тапсырдым. Нәтижесінде, Корея үкіметінің грантын ұтып, магистратураны тегін оқу мүмкіндігіне ие болдым. Солай сол жылы тамыз айында Кореяға жол тарттым", - деді ол.
Оның айтуынша, Корей үкіметінің грантын ұтқаннан кейін қаражат, тұрғын үй бойынша еш уайым болмаған.
"Көшіп барған кезде аса бір қиындық болмады. Университет GKS бағдарламасы арқылы түскен студенттерге міндетті түрде жатақханадан орын береді. Сол себепті тұрғын үй жағы қатты алаңдтпады. Ал тілге келер болсақ, мамандығым аудармашы болғандықтан корей тілін университетте 4 жыл бойы жүйелі түрде меңгердім. Магистратураға тапсырған кезде корей тілі деңгейім жоғары деңгейде болды. Сондықтан тіл біліп келгендіктен еш қиындық болмады", - деді ол.
"Жол жүру ақысы қымбат"
Гүлімбибі Кореяда Қазақстанмен салыстырғанда тамақ қымбат екенін айтты.
"Мысалы, ет, жеміс-жидектердің бағасы Қазақстандағы бағаға қарағанда екі есе қымбат. Ал асхана, мейрамханада тамақтануға келер болсақ, Қазақстандағы бағамен шамалас деп айтуға болады. Киім, ұсақ-түйек заттардың бағасы да біздің елмен бірдей деуге болады. Тіпті арзан бағада таба аламыз. Сондай-ақ, жол жүру ақысы да Қазақстандағыға қарағанда қымбат", - деді ол.
Оның айтуынша, корей халқы өте еңбекқор, сыпайы, жұмсақ мінезді.
"Оқушылары да, студенттері де күні-түні оқумен айналысады, ересектер таңнан кешке дейін жұмыс жасайды. Әсіресе астанасы Сеулде осы көріністі жиі байқауға болады. Бір тыным таппайды. Ал сыпайы деп сипаттауымың себебі - бұл жақта бір жасқа үлкен болсаң да "сіз" деп сөйлейді. Корейліктер танысқан кезде міндетті түрде жасыңды сұрайды. Бірақ бейтаныс адамдарға міндетті түрде "сіз" деп сөйлейді. Қызмет көрсету саласы өте жоғары деңгейде. Мысалы, асхана, банк, қайда барсаң да клиентті күліп басын иіп қарсы алып, басын иіп шығарып салады", - деді ол.
"Қараусыз қалған заттарға ешкім тиіспейді"
Гүлімбибі кейбір өзін таңғалдырған жайттармен де бөлісті.
"Біріншіден, бұл жақта автобус, метрода және т.с.с қоғамдық көліктерде жастар үлкендерге орын бермейді. Үлкен кісілер де оларға реніштерін білдірмейді. Екіншіден, бұл жақта "ішімдік ішу мәдениеті" деген бар. Әкелер ұлдарына ішімдік ішу әдебін де үйретеді. Сондай-ақ, корейліктер өте жиі, тіпті күнде ішімдік ішеді десек болады. Күндіз де түнде де жиналып ішімдік ішіп отырғандарды жиі көреміз. Тіпті профессорлар мен студенттер де бірге бас қосып ішімдік ішуі мүмкін. Үшіншіден, жол жүру ережесі өзгеше. Адам жүретін жолмен асығып бара жатқан мотоцикл не көліктің жүріп келе жатқандығын өте көп көруге болады. Кореяда жіңішке және тар жолдар өте көп. Сол жолдарда адам да, мотоциклдер де жүре береді", - деді ол.
Сондай-ақ, кофеге құмар халық екенін де атап өтті.
"Төртіншіден, кафе, мейрамханада корейліктер өз заттарын яғни, ноутбук, планшет сияқты құрылғыларды да қараусыз тастап жүре береді. Бұл жақта заң қатал және барлық жерде бейнебақылау болғандықтан ешкім біреудің затына тиіспейді. Басында қайда барсақ та, заттарымызды өзімізбен бірге алып жүретінбіз. Бірақ кейін біз де үйреніп кеттік. Бесіншіден, бұл жақта жергілікті халық кофені өте көп ішеді. Күніне 3 мезгіл ішетіндер де бар. Күн суық кезде де iced americano ішіп жүретіндері таң қалдырады. Тамақ ішіп болғаннан кейін де бірден кофе ішуге барады",- деді ол.
"Танымал актерлермен жиі кездесемін"
Гүлімбибі мектеп кезінен корей сериалдарын қарағанды жақсы көргендіктен оқуға түскелі көптеген кино премьералар, фан-кездесулер, концерттерге жиі барады.
"Кореяда жаңа кино шыққан сайын жарнамалау мақсатындағы іс-шаралар, сол кинода басты рөлді сомдаған актер-актрисалармен кішігірім кездесулер, конкурстар өте көп ұйымдастырылады. Актер-актрисалармен кішігірім кездесулер киноны көргенге дейін не көріп болғаннан кейін 10 минут шамасында ғана өткізіледі. Бұндай кездесулерге арнайы шақыртулар жіберілмейді. Көрермендер өздері үлгеріп билет сатып алуы керек. Мен де билет сатып алып барамын. Кей кезде киноның жарнамасына жауапты компаниялар жабық премьераларға тегін билеттер, сыйлықтар да ойнатады", - деді ол.
Оның айтуынша, Кореядағы танымал өнер адамдары өте қарапайым.
"Олар жанкүйерлерінің көңілін қалдырмай, мүмкіндік болса бірге суретке түсіп қолтаңбаларын беруге тырысады. Фан-кездесу, концерттерін де өте жоғары деңгейде ұйымдастырып, әр келген көрерменге сыйлық та таратып, ерекше естелік қалдыруға тырысады", - деді ол.
"Тағамдарына шошқа еті қосылады"
Гүлімбибі қазақтар үшін Кореяда көбірек қиындық тудыратын нәрсе тамақ екенін айтты.
"Бұл жақта шошқа етінен жасалатын тағамдар өте көп. Сондықтан таңдау да аз. Көбіне тауық етінен жасалған тағамдар, теңіз өнімдері қосылған тағамдарды жиі жеуге тура келеді. Тауық еті қосылған кхалькуксу(кеспе), таккальби(тауық еті), пибимпап, поккымпаб, паста дегендерді жиі жейтін сияқтымын. Бірақ бұл тағамдарда да шошқа етуі болуы мүмкін. Сондықтан тапсырыс бермес бұрын алдын-ала анықтап сұрап алу қажет. Бірақ Сеулде Өзбекстан, Ресей асханалары өте көп. Арасында барып өзімізге үйреншікті тамақтарды да жеп тұрамын", - деді ол.
Оның айтуынша, бір айлық шығын шамамен 150-200 мың теңге болады.
"Нақты есімде жоқ, Қазақстаннан шамамен 100-150 мың теңгемен келген болармын. GKS бағдарламасы оқы ақысын, ұшақ билетін, медициналық сақтандыру, зерттеу жұмысына кететін шығындарды жауып береді. Сондай-ақ, Кореяға алғаш келген кезде шәкіртақы түскенге дейін жарата тұруға бір рет 200 мың вон шамасында ақша береді. Ал айдың аяғына қарай магистратура студенттеріне 1 млн. вон шамасында шәкіртақы беріліп отырады. Бір айлық шығын шамамен 150-200 мың теңгедей болады. Әрине, бұл адамға да байланысты болады",- деді ол.
"Халқы әрқашан көмектесуге дайын тұрады"
Оның айтуынша, қазір Кореяда шетелдіктер саны күн сайын артып жатыр.
"Қазақстандық студенттер де көбейіп жатыр. Бірақ солардың ішінде Қытай және Жапониядан келгендер көп. Мысалы, біздің факультетте шамамен 90%-ы қытайлық студенттер. Олардың бәрімен бірден тіл табысып кеттім. Тіл білгендіктен еш қиындық келтірмейді. Халқы да шетелдіктерге әбден үйренген. Әрдайым көмектесуге дайын тұрады", - деді ол.
Гүлімбибі оқудан бөлек арасында онлайн түрде корей тілін үйретумен айналысады.
"Жазбаша аудармамен айналысатын кездерім де болады. Сабақтан тыс уақытта Сеулде өткізілетін әр түрлі іс-шараларға, танымал жұлдыздар келетін кішігірім кездесулерге барып тұрамын. Барлық қызық оқиғаларым да сонымен байланысты. Мүмкіндік болса танымал актер-актрисаларға Қазақстанда да корей сериалдарын сүйіп қарайтын жанкүйерлер көп екендігін жеткізуге тырысамын.
Пусан қаласына, Чеджу аралдарына саяхаттап барып көрдім. Табиғаты өте керемет. Корея өзі кішкентай мемлекет болғандықтан басқа қалаға бару да көп уақыт алмайды. Сондықтан шама келсе басқа қалаларға да барып тұруға тырысамын", - деді ол.
"Студенттер бәсекелес ретінде қарайды"
Гүлімбибі Кореяға оқуға келемін деушілерге бұл елдің мінсіз мемлекет емес екендігін түсініп келуін атап өтті.
"Кореяға барсам ғана болды деп ары қарай қалай өмір сүретіндігін ойламай, келіп қиналып жататындар бар. Оқу оңай емес, Қазақстандағы білім жүйесіне қарағанда өзгешелік бар екендігін айтқым келеді. Бұл жақта студенттер арасындағы бәсекелестік өте жоғары. Корея болсын, басқа шетелдік студенттер болсын сені өз бәсекелесі ретінде көреді. Профессорлар да барлық студенттерге бірдей жоғары баға қоя бермейді. Бір сабақты да қалдырмай келіп, барлық тапсырманы уақытылы орындап жіберіп, сабаққа белсенді қатысқан студенттерге ғана жоғары балл қоюы мүмкін. Сондай-ақ, бағаны семестр соңында ғана көруге болады. Болашақ студенттер осы нәрселерге дайын болып келсе екен деймін. Сонымен қатар, тамақ таңдауының аз екендігіне, қымбат екендігіне дайын болып келген дұрыс", - деді ол.
Ол болашақта корей компанияларында жұмыс істегісі келетінін айтты.
"Жоспарым туралы әзірге нақты айта алмаймын. Бірақ корей компанияларында жұмыс істеп көргім келеді. Сондай-ақ, корей тілін үйренушілерге тіл үйретумен айналысқым келеді", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін "Алғашқы табысым - 500 мың теңге". Кореядағы қазақ қызымен сұхбат жарияланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Тойда берілетін бата
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!