“Ұл туып беруімді сұрады“. Жаңқош Тұраров зорлады деген Әнару Құрманәлі болған жайды айтып берді

“Ұл туып беруімді сұрады“. Жаңқош Тұраров зорлады деген Әнару Құрманәлі болған жайды айтып берді
Фото: КТК телеарнасы

Боксшы Жанқош Тұраровқа зорлады деп айып таққан қыз болған жағдайды айтып берді. Әнару Құрманәлінің сөзінше, спортшы бірнеше жыл бойы "әйелім етіп аламын" деп алдап келген. "Ал соңғы кездесу зорлықпен аяқталды" дейді. Жәбірленуші денесіндегі көгерген жарақаттарына дейін көрсетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Әнару Құрманәлі белгілі боксшы Жанқош Тұраровты алты жылдан бері таниды екен. Қыздың айтуынша, спортшы екеуінің арасында сезім болған. "Осы кезге дейін артымнан жүгіріп, тіпті ұл туып беруімді сұрады" дейді Әнару. Оның әйелі мен балалары бар екенінен хабарсыз болыпты. Ал 12 тамызда жыныстық қатынасқа "еркімнен тыс мәжбүрледі" деп отыр.

"Қарсыластым. Күшпен ұстап, кәдімгідей қысып тұрып, қылқындырып, мойнымнан ұстап тұрып, шашымнан тартып, оған дейін де қанша уақыттан бері артымнан аңдып жүрді. Қай жақта жүрсем де менің артымнан іздеп келіп жүрді. Жанқоштың әйелі бар екенін білмегем, бірақ әйелі жартылай білген ғой, бұл жағдай туралы негізі", - дейді Әнару Құрманәлі.

Әнару Құрманәлі енді боксшының жазалануын талап етіп отыр. Сондықтан кейінгі оқиғадан соң полицияға шағым түсіріпті. Тергеу кезінде Жанқош Тұраров Әнарудан кешірім сұрап, тіпті 2 миллион теңге ұсынған екен.

"Саған істеген істерім үшін бәріне жауап беремін, сенің психологиялық, бүкіл медициналық жағдайыңның бәріне көмек беремін, 2 миллион теңге саған ақша жіберейін" деді. "Маған ешқандай ақша керек емес" дедім. Жанқош Жасұланұлы Тұраров өз жазасын алса екен деймін, заңды түрде. Бүкіл экспертизадан, барлығынан өттім", - дейді Әнару Құрманәлі.

Бұған дейін оқиға Әуезов ауданындағы тұрғын үйлердің бірінде болғаны туралы ақпарат тараған. Ал боксшының өзі тағылған айыптың бәрін жоққа шығарған.

Қазір оқиғаның мән-жайын полицейлер анықтап жатыр. Боксшыға қатысты қылмыстық іс қозғалған, бірақ полицейлер істің нақты қандай бап бойынша қаралып жатқанын құпия ұстап отыр.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

М. Лұқпан