"Келінжан" сериалының авторы, журналист, продюсер Гүлнұр Мамасарипова "Мамский әңгіме" бағдарламасында жүрегінде "ұлым болғанда" деген арманы бар екенін жасырмады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үш қыздың анасы, танымал продюсер Гүлнұр Мамасарипова күйеуі оны ешқашан "ұл тумадың" деп айыптамағанын айтты.
"Туыстардың тарапынан болған шығар. Бірақ бетіме ешқайсысы айтқан емес. Менің күйеуім соны ешқашан айтпапты. Мен қазір неге үшеу-ақ туғанмын деп ойлаймын. Ағзаларыңыз жас кезде, мүмкіндік бар кезде көбірек туған дұрыс екен. Мен үшінші рет 27 жасымда туыппын. Одан кейін не істеп жүрдім? Одан кейін не үшін тумағанымды өзім түсінбеймін. Тағдыр солай шығар. Көп жағдайда маңдайыңа жазылса, көзің, миың байланады", - дейді продюсер.
Сондай-ақ ол көп уақытын мансапқа арнағанын айтты.
"Менің мансабымдағы ең белсенді уақыт - 30 жаспен қазіргі 50 жас аралығы екен. 20 жыл мен тынымсыз жұмыс істеппін. Оған дейін арасында жұмыс істесем де, көбіне отбасыма, балаларыма уақыт бөлдім. Бірақ қарыштап жұмыс істеген кезім - 20 жылдың қалай өткенін білмей қалыппын. Кеше ғана сияқты еді. Аллаға шүкір, оның жемісін жеп жатырмын, жасаған жобаларымның барлығы елдің аузында. Бірдеңе дейтін болсам, асылық болады. Менің соған қатты берілгенім соншалық "мен әйелмін ғой, маған ұл керек шығар" дегенді ойламаппын. Ұл менің күйеуіме қарағанда маған көбірек керек. Жастау кезімде ұл керек екенін неге түсінбедім екен? Мейлі, ұл болсын, қыз болсын, неге тағы бір-екі рет тумадым деген өкініш бар", - дейді Гүлнұр Мамасарипова.
Гүлнұр Мамасарипова қыз-келіншектерге кеңес берді.
"Алла менің маңдайыма, Кеңестің маңдайына үш қызды жазған шығар. Бірақ қыздың өз орны, ұлдың өз орны бар екен. Анаға ұл да, қыз да керек екен. Мен соны қазір түсіндім. Маған неге ұл тумайсың деп ешкім айтпайды. Бірақ өзім соны сезіне бастадым. Менің жүрегімде "ұлым болғанда" деген арман бар екен.
Сондықтан қыздар, ойланыңыздар. Өмір сырғып өте шығады екен. Кейде сол өте шыққан уақытты бекер басқа керексіз нәрселерге жұмсағанымызды кеш түсініп қалады екенбіз. Мүмкіндік болса, Алла берсе, ұлды да, қызды да туып алыңыздар", - деп кеңес берді продюсер.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!