- Негізгі бет
- LifeStyle
- "Уақытыңызды босқа құртпаңыз"....
"Уақытыңызды босқа құртпаңыз". Қандай ер адамдардан сақ болу керек?
Әйелдер үшін жанында сенімді ер адамның болуы маңызды. Әйел өзін оның қасында қауіпсіз сезінуі керек. Алайда көпшілік әйел жиі эмоцияға беріледі. Кейде олар ер адамда жоқ қасиеттерді ойлап тауып, оны ақтап жүреді. Алайда уақыт өте өкінуіңіз мүмкін. Ендеше, қандай ер адамдардан сақ болу керек?
Қызғаншақ
Оның ойынша, сіздің құрбыларыңыз және достарыңыз болмауы тиіс. Ол үнемі ұялы телефоныңызды тексеріп отырады. Сізге маникюрге және макияжға баруға рұқсат бермейді, себебі сіздің табиғи әдемі екеніңізді айтады. Өзіңізге күтім жасай бастасаңыз, одан "кім үшін әдеміленіп жатырсың" деген сөзді жиі естуіңіз мүмкін.
Уақыт өте ол сізге жұмыс істеуге және басқа да жерлерге баруға рұқсат бермейді. Осылайша, сіз толықтай оның бақылауында боласыз. Мұндай қарым-қатынастан шығу қиын. Кейде жағдай зорлық-зомбылыққа әкелуі мүмкін.
Тұрақсыз
Ол бүгін сізді жақсы көретінін айтып, мәпелесе, ертеңгісін үндемей, сізге мүлдем көңіл аудармайды. Бүгін болашақ той және балалар жайлы айтса, басқа күні әзір дайын емес екенін айтады. Ол кейде бірнеше күнге немесе аптаға хабарсыз жоқ болып кетуі мүмкін, содан соң ештеңе болмағандай қайта оралады. Егер кездесіп жүрген ер адамыңыз осындай тұрақсыз болса, онымен ары-қарай қарым-қатынас құру жайлы жақсылап ойланыңыз.
Бала
Ол өзін әлі бала секілді ұстайды және ересек өмірдің шындығын қабылдағысы келмейді. Ол есейгісі келмейді, сәйкесінше, жеке өмірі және жұмысы үшін жауапкершілік алғысы келмейді. Сіз кішкентай баламен араласып жүргендей сезімде боласыз. Оны тек достары, көңіл көтеру және жеке әуестігі қызықтырады. Бұл кезде сіз автоматты түрде жауапкершілікті өз мойныңызға аласыз және маңызды сұрақтарды ол үшін шешіп жүресіз. Бұл бір күні өзіңізді шаршаңқы, қорғанышсыз және қолдаусыз сезінуіңізге әкелуі мүмкін.
Тәуелділік
Әдетте көпшілік адам өзінде қандай да бір тәуелділік бар екенін мойындамайды. Өкінішке қарай, ішімдікке салыну, есірткіге тәуелділік, ойынқұмарлық – арнайы мамандарды талап ететін аурулар. Алайда мұндай ер адам толықтай емделуі үшін басқа біреу емес, ең алдымен өзі шын көңілмен қалау керек. Ал басқа кезде жағдай ушыға береді, сіз оған көмектесе алмайсыз.
Оқи отырыңыз: Сараң жігіттің бес белгісі
А. Жапатова