Тырнақ тістеу, саусақ терісін тістелеп, жұлу секілді әдеттерді балалардан да, ересектерден де жиі байқауға болады. Көп жағдайда ата-аналар баласының мұндай әрекетіне мән бермейді немесе қайта-қайта ескерту жасап, саусағына ащы зат жағу арқылы бұл әдеттен арылтуға тырысады. Алайда психологтар мұндай тәсілдер көп жағдайда нәтиже бермейтінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Тырнақты кеміру тек сыртқы көрініске әсер ететін әдет емес. Мамандардың айтуынша, мұндай әрекет тырнақ пен саусақ терісін жарақаттап, олардың пішіні өзгеруіне әкеп соғуы мүмкін. Сонымен қатар, зақымданған жер арқылы инфекция түсу қаупі бар. Тырнақты жиі тістеу тіс пен асқазанға да кері әсер етуі мүмкін.
Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының психиатр дәрігері Медина Әбілғазының айтуынша, адам тырнағын көбіне мазасыздық пен алаңдаушылықтан арылу үшін тістейді. Мұндай әрекет шаршау, күйзеліс, эмоционалдық қысым немесе отбасындағы қиындықтар кезінде жиі байқалуы мүмкін.
Маман ата-аналар баласына мұндай қылығы үшін үнемі ескерту жасап, ұрысып немесе шамадан тыс бақылауы жағдайды ушықтыруы мүмкін екенін айтты. Қорқыту мен қысым баланың психологиялық жағдайына кері әсер етіп, оны тұйық әрі жасқаншақ етуі ықтимал.
Сондықтан ең алдымен тырнақ тістеу жай әдет пе, әлде қандай да бір психологиялық мәселенің белгісі ме, осы жайтты анықтау қажет. Психиатрдың айтуынша, мектепке дейінгі балаларда бұл әдет кейде өздігінен тоқтауы мүмкін. Алайда ұзақ уақыт сақталып, жиі қайталанса, маманға қаралған дұрыс.
"Бұл мінез-құлық пен психикалық жағдайдағы өзгерістің белгісі болуы мүмкін. Мұны анықтау үшін кешенді диагностика жүргізу қажет", - деді Медина Әбілғазы.
Медицинада тырнақ тістеу әдеті онихофагия деп аталады. Мамандар ата-аналарға баланы ұрысып немесе жазалап емес, оның мұндай әрекетке не себепті баратынын анықтап, қажет болса, психолог пен психиатрдың көмегіне жүгінуге кеңес берді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз