Тым ыстық шай немесе кофе өңеш обырына себеп болуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарға ескерту жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Арнайы зерттеу жасалған
Оксфорд университетінің ғалымдары ыстық сусындардың температурасы мен оларды ішу жиілігінің өңеш обырының даму қаупімен байланысын зерттеген. Зерттеу барысында 1 миллионға жуық адамның дерегі талданған. Осылайша, адам ішкен сусынның мөлшері ғана емес, оның температурасы да маңызды екені анықталған.
Тым ыстық сусындарды ұнататын адамдарда өңештің жалпақ жасушалы обырының даму қаупі жылы сусын ішетіндермен салыстырғанда 3 еседен аса жоғары болған.
"Күніне алты немесе одан да көп кесе ыстық сусын ішу қатерлі ісіктің осы түріне шалдығу қаупін 71 пайызға арттырған. Шай мен кофе ішу арасында айтарлықтай айырмашылық анықталмаған. Ғалымдардың пайымдауынша, негізгі рөлді сұйықтықтың жоғары температурасы атқаруы мүмкін. Өйткені ол өңештің шырышты қабығын зақымдауы ықтимал", - деп жазылған хабарламада.
Азаматтарға кеңес
Мамандардың сөзінше, сүйікті шайыңыздан немесе кофеңізден бас тартудың қажеті жоқ. Ең бастысы - сусын сәл салқындауын күтіп, ауыз күйдіретіндей ыстық күйінде ішпеу.
"Денсаулыққа қамқорлық қарапайым әдеттерден басталады. Кейде ішетін сусынның өзін емес, оның температурасын өзгерту жеткілікті", - деді дәрігерлер.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова