Әлемдік көшбасшылардың 83%-ы твиттер желісін қолданады. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та желінің белсенді қолданушысы. Маңызды жаңалықтар мен өзгерістерді желіде бөлісетін президенттер қатарында бір кездері Трамп та болған. 2021 жылдың 8 қаңтарында твиттер @realDonaldTrump аккаунтына ресми түрде бұғат қойғанын хабарлаған болатын. Ал Трамптан кейінгі президент Джо Байден де өз "әріптесінің" ізін суытпады. Оның "Америкадағы жаңа күн" атты жазбасы жылдың ең көп лүпіл жинаған твиті атанды. Жазба 4 миллионнан астам лүпіл бар.
Джо Байден
@POTUS
Оқитындар саны: 22,8 миллион
АҚШ президенті өзінің парақшасында елдің экономикалық және саяси жағдайына пікір білдіріп қана қоймай, жиі "қолымыздан келеді" деп оқырмандарын қанаттандырып отырады. Соңғы жазбаларының бірінде АҚШ экономикасы биыл Қытайды басып озуы мүмкін және бұл 1976 жылдан бері болмаған жайт екенін атап өткен.
Володимир Зеленський
@ZelenskyyUa
Оқитындар саны: 6,3 миллион
Украина президенті де елдегі жаңалықтармен твиттер желісі арқылы бөлісіп отыр. Жазбаларында өзге ел президенттерімен арадағы келісімсөздер мен телефон қоңыраулары туралы деректер жазылған. Соғыс кезінде көмек көрсетіп, қолдау білдірген өзге ел президенттеріне де алғыс айтылған.
Режеп Ердоған
@RTErdogan
Оқитындар саны: 18,9 миллион
Түркия президенті де твиттер желісінің белсенді қолданушысы. Тұрақты түрде күніне бірнеше жазба салатын президент желі арқылы атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісіп, жаңа бағдарламаларды таныстырады. Одан бөлек, құттықтау мен көңіл айтуды да ұмытпайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев
@TokayevKZ
Оқитындар саны: 294,2 мың
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та твиттер арқылы өз ойларымен бөліседі. Соның ішінде атқарылған жұмыстар, берілген тапсырмалар мен келіссөздермен бөліседі.
Эмманюэль Макрон
@EmmanuelMacron
Оқитындар саны: 8,3 миллион
Франция президенті Эмманюэль Макрон өзінің қарапайымдылығымен көзге түскен болатын. Оның сол болмысы жазбаларында да байқалады. Ол ресми суреттерден бөлек, селфиді де еркін жүктейді. Мемлекеттік шаралар, игі істер мен қаралы хабарларды да желіде бөліседі.
Мохаммаду Бухари
@MBuhari
Оқитындар саны: 4 миллион
Нигерия президенті Мохаммаду Бухари кездесулер мен келіссөз жүргізген сәттерінен жиі бөліседі. Президент елдегі шулы оқиғаларға өз пікірін білдіріп, халыққа үндеу жариялайды.