- Негізгі бет
- LifeStyle
- "Түсіме Әлихан батырым...
"Түсіме Әлихан батырым кірді". Серікзат Дүйсенғазы ұлына қандай ат қойғанын айтты
Серікзат Дүйсенғазы ұлына қандай есім бергенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырған.
"Түнеугүні түсіме Әлихан батырым кірді. Әкелеп келіп құшақтап жатыр. Құшағы ып-ыстық екен. Мен бірдеңе деп үлгергенімше асығып қайта кетті де қалды. Оянып кеттім де, Алла Тағаланың бір жақсылығы болар деп іштей өзімше жорыдым. Құдайдың құдіреті шексіз ғой.
Сәбиіміз дүниеге келгенше ешкімге жарияламауға тырыстым. Азын-аулақ ағайын ғана білді. Құрсаққа біткенін ауырып жатқан марқұм анам естіп қатты қуанды. Балапанымның дүниеге келуіне барша қазақ халқы тілекші болды. Ол жарық өмірдің есігін халықтың баласы болып ашты. Үшінші қазан күні қазақ даласы шаттықтан дүр сілкінді. Әлиханым өмірден өткен күннен тура он ай өткенде (екінші қаңтарда дүние салды) Жаратқанның шеберлігімен ізбасары туды. Сол үшін Аллаға сансыз шүкірліктер айтамын!
"Баланың атын кім деп қойдыңдар?" деген сұрақ толассыз келіп жатыр. Әлиханымның есімін академик Рымғали Нұрғали, Айаруымның есімін академик Сейіт Қасқабасов қойған болатын. Менің ұлы ұстаздарым ғой. Сол үрдісті үзбейін деп өзім ерекше құрметтейтін ақылшы ағам, әрі құдайы көршім, алаштанушы-академик Дихан Қамзабекұлы ағамен ақылдастым. "Әлиханның інісі Әлімхан болғаны дұрыс. Бұл есімнің мағынасы да, тарихи маңызы да терең" деген Дихан ағамның салмақты сөзіне тоқтадым. Бірақ оны ешкімге айтқан жоқ болатынмын.
Содан алып-ұшып жұмысқа барсам деканат мәжілісі басталып жатыр екен. Деканымыз Қайрат Сақ аға жиналыс үстінде «атын қойсаңдар Әлімхан деп қойыңдар. Әлиханның інісі ғой» деп қалды. Қайрат ағаның дөп түскеніне сәл жымиыдым да, "иә, Дихан ағамен ақылдасып сол есімді қойдық» дедім. Сонымен халықтың батасымен туған балапанға Алаш қайраткері, профессор Әлімхан Ермековтің құрметіне Әлімхан деген көркем есім қойылды. Атын дуалы аузымен қойған Алаш әдебиеті мен тарихын зерттеуші, академик Дихан Қамзабекұлы! Қолдаған біздің журналистика және саясаттану факультетінің деканат мәжілісі! Батасын беріп, протоколынан өткізген сексеннің сеңгіріндегі әкем Мақсұт Дүйсенғазыұлы!
Барша қазақ халқына құтты болсын айтамын! Әлімхан батырдың бауы берік болсын! Алла тіл-көзден сақтап, Жамбылдың жасына жетсін! Барша тілектестерге мың алғыс!"
Еске салайық, бұған дейін Серікзат Дүйсенғазы ұлды болғаны хабарланған еді. Сондай-ақ ұлының кімге ұқсағаны туралы да айтқан болатын.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Қ. Әбілдәқызы