- Негізгі бет
- LifeStyle
- "Түсімде аян берді"....
"Түсімде аян берді". Ақтөбелік әйел 16 жыл бұрын бақилық болған балаларының тірі екеніне сенімді
Ақтөбелік әйел 16 жыл бұрын бақилық болған балаларының бірі тірі екеніне сенімді. Оның айтуынша, 2008 жылы босанған егіз ұл балалар 7 күннен кейін шетінеп кеткен. Бірақ жақында Ұлттық Қор марқұмдарға 100 доллар аударған. Оған қоса, екі бала да E-gov-та өлі деп танылмай, тіркеуде тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Көреміз" бағдарламасына сілтеме жасап.
Ақтөбелік Асылгүл Жүсіпбекова 2008 жылы Арнат, Алмат есімді егіз ұл балалар босанған. Алайда шақалақтар мерзімінен бұрын 7 айлық болып туылып, салмағы аз 1 келі 800 грамм болғандықтан вакуумге жатқызылыпты. Кейіпкеріміз балаларына сүтін сауып, апарып жүрген. Балалардың күн санап, жағдай жақсарғанына қарамастан, 3 күннен кейін Алмат, бір аптадан кейін Арнат көз жұмады. Екеуіне де өкпесі жетілмеген деп диагноз қойылған.
"Балаларым үш күн өмір сүрді, содан кейін "балаңыз қайтты" деп маған суық хабар келді. Олардың ауырып, қиналғанын өз көзіммен көрген жоқпын. Кейін "баланы мәйітханаға алып кетті" деді. Қапқа оралған баланы мәйітханадан алып, күйеуім жерледі, бірақ жер қойнына тапсырмас бұрын жолдасым баланың бет-әлпетін ашып қарамаған. Дәрігерлер "баланы ашпа" деп айтқан көрінеді", - дейді ол.
Көп ұзамай егіздің екіншісі де көз жұмған.
"Екінші балама сүтін апарып едім, көріністі көріп төбемнен жай тсүкендей болды. Вакуум ыдыстың сыртын матамен орап тастаған, ол жерде жатты. Әйнектің ішінде қап-қара бірнәрсе жатты, ашып қарайын деп едім, мүмкіндік бермеді. Баламды мәйітханаға беріп жібергеннен кейін "артынан мен де шығамын" деп едім, "сіздің анализдеріңіз дұрыс емес" деп перзентханада қалдырды. Бірақ мен бұған көнбей, дәрігерлермен арпалысып кетіп қалдым", - дейді әйел.
Асылгүл Жүсіпбекова перзентханадан шыққан бойда полиция бөлімшесіне бет алып, бірден арыз жазған. Алайда қылмыстық іс қозғалмаған көрінеді.
Ал жақында ұлттық қордан екеуіне де 100 доллардан түсіпті.
Биылдан бастап Ұлттық қордан балалардың шотына ақша түсіп бастады ғой. Сөйтіп жұмыстағы әрістестермен шотты тексерейікші деген әңгіме шықты. Мен егіздерден кейінгі үш баламның шотын тексеріп отырсам, маған егіздің бірінің құжаты шығып тұр. "Өлген бала қалай шығып тұр, екіншісін де тексерейінші" деген ой келді, содан қарасам, Арнатқа да ақша түскен.
Кейін қазан-қарашада маған Ақтөбе облыстық білім басқармасынан қоңырау шалып, "Арнат ұлыңыз қай мектепте оқиды? Таба алмай отырмыз" деді. Мен жылап жібердім де, "қай Арнатты сұрап тұрсың? Оның бақилық болғаны қай заман" деп жауап бердім. Сонда менің балам тірі, мен оны тірі деп ойлаймын, ол бір жерде жүр", - деді Асылгүл Жүсіпбекова.
Егіздің туыстары баланы өлдіге санап саудаға салып жіберді ме деп уайымдап отыр.
"Қолымда екі баланың ЖСН бар болғандықтан, E-gov-тан мекенжайын іздеп көрдім. Біріншісі Алматы қаласында, екіншісі Алматы облысы Қарасай ауданы Бұлақты ауылында тіркеліп тұр. Нақты мекенжайын көрі тұрғандықтан, мен көмек сұрап, хабарластым", - дейді марқұм егіздердің анасы.
Алайда "Көреміз" бағдарламасының тілшілері Асылгүл Жүсіпбекова айтқан мекенжайға барған кезде ондай балалардың болмағаны анықталды. Жақын маңдағы мектептерде де оқымаған.
"Балаларым тірі сияқты көрінетін, жүрегім сезеді. Түсіме ақ киім киген кісі кіріп, "балаңды іздесейші, олар тірі ғой. Неге іздемейсің?" деп сұрақ қойды. Мұны таныстарыма айтсам, олар маған "балаларды ойлай бересің, содан болар" деді", - дейді жүрегі қан жылаған ана.
Тағы да оқи отырыңыздар: Алматыда неге өрік гүлдемей жатыр?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!-
Б. Жұмаділлә