Әнші Айжан Нұрмағамбетова "Алғашқы" бағдарламасында жеке өмірі жайлы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Айжан Нұрмағамбетова ерте тұрмысқа шыққанын, алайда кейін ажырасып кеткенін айтты.
"Ерте тұрмысқа шығып, бала туып, кейін ажырастым. Біраз жылдан кейін ол қайтыс болды. Енді тұрмысқа шықпайтын шығармын деп ойладым", - деді әнші.
Әнші кейін тұрмысқа шығуға ұсыныс жасаған жігіттер көп болғанын, алайда көбі сахнаны тастауын сұрағанын жасырмады.
"Артымнан жүгірген жігіттер көп болды. Өзге ұлттың өкілдері де бар ішінде. Алдымен айта кетейін, әкемнің маған айтқан ақылы бар. Ол басқа ұлт өкілдеріне ұнамауы мүмкін. Басқа ұлт өкілдері "өлем, күйем" деп артымнан қалмай жүргенде әкем анам арқылы "басқа біреуге тиіп кетпесін, сен қандай сұлу, ақылды болсаң да, уақыты келгенде қаны тартқанда сені тастап кетеді" деп айтқызатын.
Бір-екі күнде ғашық болып, сахнада тұрмысқа шық деп ұсыныс жасаған жігіттер де болды. Бірақ олардың бәрі "сахнаны тастайсың, үйде отырасың" деді. "Сенде бриллиант бәрі болады" дейтін. Мен "ол бриллианттарды асүйде тағып жүремін бе" деп айтатынмын", - деді ол.
Айжан Нұрмағамбетова қазіргі жолдасы жайлы айтып берді.
"Не үшін мына кісіге (қазіргі жолдасы) тұрмысқа шықтым? Біріншіден, артымнан қалмады. Жарты жыл жүгірді. Тұрмысқа шықпай тұрып оған "қолымнан ештеңе келмейді, бұл – бір. Екіншіден, тегімді өзгертпеймін. Үшінші шартым – сахнаны тастамаймын" деп айттым. Ол бәріне келісті. "Әніңді айта бер, фамилияңның түк маңызы жоқ. Ал басқа тірлікті өзім-ақ істей аламын" деп күлді. Сөйтіп бас қостық. Бірақ, бір нәрсені ескермеппін. Ол қатты қызғаншақ.
Гастрольге шықсам, артымнан қалмайды. Шетелге кетсем, шетелге барады. Мәскеуге барсам, Мәскеуге келеді. Ауылды жерге концертпен барсақ, амалын тауып, телефон жоқ болса да басқа біреулер арқылы телефон соғып, мені тексеретін. Сонда қасымдағы әнші қыздар "не деген махаббат, жолдасың керемет" деп таңғалатын. Үйде отырсам, сыртымнан құлыптап кететін, ешқайда шыға алмаймын. "Әділ, мен қыздармен кездесіп, бір кесе шай ішіп келейінші" деп сұрансаң, "әрине, бара ғой, саған 40 минут жете ме?" дейтін. Сондай қызғаншақ болды. Бұл жас кезімде болған нәрсе ғой. Қазір енді екеуміз де қартайдық, мен кімге керекпін?! Қазір де қасымда, шаруаларымды реттестіріп, өнеріме қолдау білдіріп жүреді. Бір жағынан көмек, екінші жағынан аяғыма тұсау болды. Өзінің жалғыз әпкесі бар, сол "менің бауырыма көнгеніңе рахмет" деп айтқан. Інісінің мінезін біліп тұр ғой сонда", - деді Айжан Нұрмағамбетова.