Түркістанда бір сыныптың екі оқушысы ҰБТ-дан 140 балл жинады

Түркістан қаласындағы жекеменшік мектептердің бірінің 11-сынып оқушылары Айсұлтан Жаңбырбай мен Жасур Нышанбаев ҰБТ-дан 140 балл жинап, ең жоғары нәтиже көрсетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өңір әкімдігі мәліметінше, екі оқушы бір сыныпта білім алып, бірдей бейінді пәндер таңдаған. Сонымен қатар, олардың болашақ мамандықтары да ұқсас.

ҰБТ-да дүниежүзі тарихы мен ағылшын тілі пәндерін таңдаған талапкерлер халықаралық IELTS емтиханынан 6,5 балл алған.

"Жасур Нышанбаев қаңтардағы алғашқы ҰБТ-да 120 балл жинап, наурыздағы тестте нәтижесін 128 балға дейін көтерген. Ал мамырда негізгі тестте жүйелі дайындық пен табанды еңбектің нәтижесінде 140 баллға қол жеткізді. Ал Айсұлтан Жаңбырбай Шымкент қаласынан арнайы келіп, мектеп жатақханасында тұрып білім алады. Ол қаңтардағы ҰБТ-да 125 балл, наурыздағы тестте 128 балл жинап, әр кезең сайын өз нәтижесін жақсартып отырған. Нәтижесінде негізгі ҰБТ-да межелі мақсатына жетіп, ең жоғары көрсеткіш - 140 балл иегері атанды", - деп жазылған хабарламада.

Олар болашақта аударма ісі мамандығы бойынша білім алып, халықаралық деңгейде жұмыс істеуді көздеп отыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз