Тіс жұлдырғаннан кейінгі алғашқы күндері жараның дұрыс жазылуы үшін бірқатар шектеуді сақтау маңызды. Бұл туралы стоматолог Динара Әл-Абед "Газета.Ru" басылымына берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дәрігердің сөзінше, осы кезеңде тіс жұлынған жерде пайда болатын қан ұйындысын зақымдап алмау қажет. Өйткені ол жараны қорғап, оның тезірек жазылуына көмектеседі. Сондықтан стоматолог белгілеген мерзім ішінде ауызды қатты шайқаудан, темекі шегуден бас тартып, өзге де сақтық шараларын ұстанған жөн.
"Тіс жұлдырғаннан кейін біраз уақыт спортпен айналыспай, монша мен саунаға бармаған дұрыс. Сондай-ақ, ыстық ванна қабылдап, тым ыстық душқа түспеген жөн. Өйткені денеге күш түсуі мен қатты қызыну қан айналымын күшейтіп, тіс жұлынған жердің қайта қануына себеп болуы мүмкін", – деп түсіндірді Әл-Абед.
Маман тіс жұлдырғаннан кейін аздап жайсыздық сезілуі мен ісіну ағзаның қалыпты реакциясы екенін еске салды. Алайда ауырсыну күшейе түссе, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет екенін айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!