Танымал әнші Мөлдір Әуелбекова "Мамский әңгіме" бағдарламасына берген сұхбатында бірінші күйеуімен қандай жағдайда ажырасқанын әңгімеледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әншінің айтуынша, алғашқы некесінде күйеуі екеуі екі қалада тұрған.
"Қыз кезімде жүрген жерімде туыс-таныстарымнан "қашан тұрмысқа шығасың?" деген сұрақтарды естумен болдым. Осындай леппен тұрмысқа шықтым. Ол кісімен біршама уақыттан бері сөйлесіп, кездесіп жүрдік, бірақ соңына қарай оған "бұдан ешнәрсе шықпайды" деп айттым. Осындай әңгімеден кейін ертесіне ол кісі "маған тұрмысқа шық" деген ұсынысымен келді. Көпшіліктің қысымы бар, ол кісінің ұсынысы бар, сонымен мен мұны мүмкіндік шығар деп ойлап, келістім. Біз қыз бен жігіт болып сөйлесіп жүрген кезде екі қалада болдық, бірақ үйленіп, мен Астанаға көшкеннен кейін де екеуміз бірге тұрмадық. Ол Көкшетауда, мен Астанада тұрдым. Біз аптасына, айына бір рет кездесетін едік. Арада көп түсініспеушілік болды, ол өзі, мен өзім өмір сүрдік. Ортақ дүние болмады, қиын жағдайда жанымнан табылып, күйеу ретінде қолдау көрсетпеді. Бірақ мен мұның бәріне шыдап отырдым, бірақ ол кісі өзі бас тартты", - деді әнші.
Өнер иесі арада көп түсініспеушілік болғанын жасырмады.
"Бірінші күйеуіммен екіге кететін кезде, ол мені төркініме алдап алып барды. Мен негізі бар ренішімді ішіме жинап жүретін адаммын. Бір күні ішімде жиналғанның бәрін енеме ашып айттым. Оған "неге бұлай? Мені қабылдайтын кезіңіз болды ғой" деген сияқты сөздер айтып, тіпті аяғына жығылдым. Сол түннің ертесіне күйеуім маған қоңырау шалып, "мен келе жатырмын, дереу киімдеріңді жина, Алматыға бір аптаға барамыз, ата-анаңның үйінде бола тұр, үлкен сөмкеңді ал" деді. Ол кезде балам 5 айлық болды, бұл жаңалыққа мен қуанып жүрдім. Енемнің аяғына жығылғаннан кейін бұдан былай арамыз жақсы болады деп ойладым, үміттендім. Бұл менің отбасымды сақтап қалуға деген іс-әрекетім болды. Төркініме жеткенше күйеуім маған жылы сөздер айтып, мені қатты жақсы көретінін айтып барды. Ата-анамның үйіне кірдік, ол бәрімен амандасты да әкемнің қайда екенін сұрады. Әкем сыртта жүр екен, сөйтіп күйеуім онда сыртта күре тұратынын жеткізді. Анам болса дастарқан жайып, мәз болып, дайындалып жүр. Әкем келген кезде күйеуім "маскасын" шешті. Әкеме "сіздің қызыңыз менің анамды сыйламайды" деген сияқты түрлі ауыр сөздер айтты. Ал мен енемнің ұлына не айтқанынан бейхабармын. Ол үйде отырған да жоқ, үйдің ішінде ашу-ызамен айналып жүре берді. Әкем басында оған "отырсаңшы, балам, сөйлесейік" деп ұсынды, бірақ ол келіспейтінін түсініп, қойды. Ал мен шок болып тұрмын, түсінбеймін. Төбемнен тас түскендей болды. Әкем оны түсінді де "жарайды, балам, сен шешім қабылдаған екенсің, біз қабылдаймыз, рақмет саған" деді. Күйеуім аяқ киімін киіп жатқанда, әкем жанына барып, "тоқта, балам, сен сөйлегенде біз тыңдадық, енді мені тыңда" деді. Әкем "қолыңды бер" деді, ол берді. Сөйтіп әкем "балам, сен қайта ашар есігіңді қатты жаппа" деп айтты. Ол әкемнің қолын сілтеді де, есікті тарс жауып кетіп қалды", - деді ол.
Тағы да оқи отырыңыздар: Фейк таратқандар қалай жазаланады?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!