Танымал әнші Мөлдір Әуелбекова "Мамский әңгіме" Youtube-арнасына берген сұхбатында екінші рет тұрмысқа шыққан кезінде өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әнші ең алдымен екінші күйеуімен қалай, қайда танысқанын егжей-тегжей түсіндірді.
"Екінші рет тұрмысқа шыққанымды тіпті қалай түсіндіруге болатынын білмеймін. Мен бірінші күйеуіммен ажырасқаннан кейін өзіме намаз оқитын, дінге жақын адамдар қиянат жасамайды деген пікір қалыптастырып алғанмын. Оның үстіне, екінші некемде басты шарт - ол адам міндетті түрде намазхан болуы керек болды. Мен шариғат бойынша тұрмысқа шықтым, менің айналамда қаншама адам, мысалы Нұржан Керменбаев өзінің келіншегімен үш ақ рет көрісіп, үйленген. Мен екінші рет солай тұрмысқа шықтым. Мен ол кезде орамалға келе алмай жүрдім, сөйтіп алладан сұрап, менің иманымды күшейтетін адам болса екен деп дұға-тілек жасадым. Мен әрдайым күйеуімнің артында тұрып намаз оқысам екен деп армандайтынмын. Мен ол кісімен жеңгетайлық арқылы таныстым. Бізді менің 20 жылдан бері таныс, жақын адамым таныстырды, мен сондықтан да сендім. Біз телефон арқылы бір ғана апта сөйлестік, ол кісі өзі артымнан қалмады, оның үстіне біз тура ораза айында таныстық, мұның бәрін мен бір белгі деп қабылдадым. Сөйтіп ол кісі үйге келіп, әкемнен рұқсат алып, сырға салынғаннан кейін мені бірден алып кетті. Ұлым да оған бірден "әке" деп кетті, ол кісі өте балажан болатын. Мұның бәрін көріп, мен бақытты болып тұрмысқа шықтым. Шүкір мен қыз босандым, бірақ мен қызыма жүкті кезімде ол кісіден өзім кетіп қалдым. Бір ғана апта сөйлескеніммен таныстық кезінде біраз ақпарат сұрастырған едім, сөйтсем маған басқаша ақпарат берілген екен. Қысқасын айтайын, сонымен мен ол кісінің төртінші әйелі болып шықтым. Осымен бұл тақырып жабылсын", - деді ол.
Әнші тіпті өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын мойындады.
"Мен ол кісінің төртінші әйелі екенімді некелескеннен кейін бірден білгеніммен, барынша некемді сақтап қалуға тырыстым. Өйткені мен бірден бала көтерген едім, жүктілігімнің сегізінші айына дейін шыдап жүрдім. Өзімнің таза екенімді білемін, бірақ арада түрлі жайттар болды, тіпті өз-өзіме қол жұмсауға дейін бардым. Нақты шешім қабылдап, ол кісіден кетіп қалғаннан кейін, "бұл менің екінші некем, ата-анам абыройсыз қалды ғой" деп, мен өте қатты күйзеліске түсіп кеттім. Өзім жүкті болдым, оған қоса біз ресми некеге тіркелмеген едік, бәрі шариғат бойынша болды. Біз некелескенге дейін тіпті қол ұстаспаған адамдармыз, үйленгеннен кейін бірден бала көтердім. Содан кейін жаймен шындықтың беті ашыла бастады. Менің екінші рет кімге тұрмысқа шыққанымды естіген адамдар маған хабарласа бастады, ол кісіні көп адам таниды екен. Олар маған хабарласқан кезде мен "тоқтаңыздар, айтпаңыздаршы, менің ішімде балам бар" деп жауап беретінмін. Менде артқа шегінер жол жоқ деп ойладым. Менің әке-шешем бар, мен бүкіл халыққа тұрмысқа шықтым деп айтып қойғанмын, абыройым бар, бәрін ойладым. Сөйтсем ол маңызды емес екен ғой. Мен ол отбасыда өте көп қиянат көрдім, сондықтан кету туралы шешім қабылдадым. Ол кісінің қанша бала-шағасы бар", - дейді әнші.
Өнер иесі тұрмыс құрмаған жас қыздарға өзінің қателігін қайталамауға кеңес берді.
"Мен бұл ақпараттың бәрін неге айтып отырғанымды айтайын. Менің өмірім негізі халыққа қызық емес қой, бірақ мен жас қыздар осыны тыңдап, сабақ алғанын қалаймын. Жасым 30-ға келді екен деп бірінші тұрмысқа шақырған адамға жүгіріп кете салмаңыздар. Одан сіз бақытты болмайсыз. Мен қазір өткеніме қарасам өте бақытсыз болғанмын. Сондықтан, қыздарға айтарым, сіздер де осындай қателікті қайталамаңыздаршы", - деді ол.
Тағы да оқи отырыңыздар: Фейк таратқандар қалай жазаланады?
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!-