Танымал әнші Айқын Төлепберген екі некеден туған балаларына тең қарайтынын, балаларына жеке-жеке үй әпергенін айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әнші бұл туралы "Астарлы ақиқат" бағдарламасында мәлімдеді.
"Мен жақсы күйеу емес шығармын, бірақ жақсы әкемін. Оны балаларыммен қарым-қатынасымнан байқауға болады. Бүгінде төрт балама төрт пәтер алып қойдым. Өлімнің бары рас, көзім кеткенде балаларымның ешкімге жалтақтап өспегенін қалаймын. Қазір балаларымның қандай киім киіп жүргеніне дейін біліп отырамын. Мектептегі үлгерімі мен қандай үйірмелерге жазылғанынан да хабардармын. Балаларым бір-бірімен тату-тәтті өмір сүріп жатыр", – деп жауап берді әнші екінші некесін құптамағандарға.
Еске салайық, Айқын Төлепберген мен Жұлдыз Өмірғали араға тоғыз жыл салып телебағдарламаның студиясында үйлену тойын өткізген еді.
Айқын Төлепберген студиядағы тойда кезінде екінші рет үйленетінін қолдамаған достары да отырғанын айтты.
"Бәрі мені мінсіз жігіт деп ойлады. Ажырасып, жаман адамға айналдым. Бірақ ажырасқан жалғыз мен емес қой. Шоу-бизнесті ақтарып қарасақ, біраз ағаларымыз да бар. Мен Жұлдызға үйленемін деген кезде бәрі шок болды. Достарым, жақындарым, ата-анам, бәрі қарсы болды. Ата-анам шок болды. "Құда-құдағиға не айтамыз?" деп уайымдады. Анам жылады. Мен "тек Әсел екеуміздің арақатынасымыз өзгереді. Ал балалар мен құда-құдағиларыңыз бұрынғыша қалады" деп айттым.
Бірінші жанұяммен қарым-қатынасты үзбей, екі отбасын бірге араластыру арқылы менікі дұрыс болғанын дәлелдей алдым. Кезінде қарсы болған адамдардың ойы өзгеріп жатыр", – деді Айқын.
Айта кетейік, студиядағы тойға Айқынның ата-анасы да келіп қатысты.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!