- Негізгі бет
- LifeStyle
- "Төреғали Төрәліні шақырмас...
"Төреғали Төрәліні шақырмас едім". Танымал жүргізуші қандай адамдардан сұхбат алғысы келмейтінін айтты
Танымал жүргізуші Тимур Балымбетов әнші Төреғали Төрәліден сұхбат алғысы келмейтінін айтты. Бұл жайлы ол Динара Сәтжанға берген сұхбатында мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мен Төреғалиді сұхбатқа шақырмас едім. Мен хайп қуып жүретін адамдарды шақырғым келмейді. Бір рет шу шығарған және содан кейін оны жүйелі түрде жасайтын адамдар - мен кадрда көргім келетін адамдар емес. Себебі сұхбат - әдетте адамды танып-білудің, оны басқа қырынан көрудің жалғыз құралы. Сондықтан сенің сұхбатқа шақырған адамыңнан ел өзіне бір керегін алатындай, жоқ дегенде ой-танымы бірнеше сантиметрге өсетіндей болуы керек. Оның үстіне менің арнама, менің сұхбатыма көрермендер сұхбат берушінің танымалдығы, хайпы үшін келгенін қаламаймын. Бұл менің сұхбатым, келетін қонақ маған да қызық болуы керек, мен ол сұхбатқа дайындалғым келуі керек, мен онымен сөйлескім келуі керек. Әңгімелесетін адамды іздегенде ең алдымен "Ол көрерменге не береді? Пайдалы бірдеңе айта ала ма?" деп ойланып, сараптап, сосын барып шақырамын", - деді Тимур Балымбетов.
Жүргізуші мұндай адамдармен ақша үшін де сұхбат алмайтынын айтты.
"Тіпті, серіктестік сұхбат маған қызық болмаса, ештеңе шықпайтынын түсініп тұрсам, мен ақша үшін де келіспеймін. Мұндай ұсыныстар жиі түседі. Кейде әйелім "сенің сұхбатыңа келгісі келетіндерден бас тартпасаң, осы уақытқа дейін байып кететін едік" деп қалжыңдайды", - деді Тимур Балымбетов.
Айта кетейік, Алматыда танымал әнші Төреғали Төреәлі ұсталған видео тараған болатын. Кейінірек оның есірткіге мас болып ұсталғаны белгілі болды.
А. Жапатова