- Негізгі бет
- LifeStyle
- Терезе буланса не...
Терезе буланса не істеу керек?
Кей үйлерде немесе кеңселерде терезелер ішкі жағынан буланып тұрғанын байқаған боларсыз. Бұл әсіресе, суық мерзімде пайда болады. Көп жағдайда терезенің бұлай булануы қабырғалардың көгеруіне әкеледі. Бұл проблеманы қалай шешуге болады?
Терезенің булануы – бұл ауадағы ылғалдың конденсациясы, ол бу күйден сұйық күйге өтіп, шыныпакеттің бетіне су тамшылары ретінде түзіледі. Физика заңы бойынша, ол ғимарат ішіндегі жылы және ылғал ауа әйнектің суық бетімен байланысқандықтан пайда болады. Мысалы, жазда тоңазытқыштан суы бар бөтелкені шығарсаңыз, бірнеше минуттан соң бөтелке буланады.
Терезе буланса не істеу керек?
- Бөлме ішіндегі жылуды арттырыңыз. Бөлмені желдетіп тұру керек, алайда бөлме ішіндегі ауа қатты суық болмау керек. Егер батареяның ыстығы бөлмені жылыта алмаса, терезені жылыту немесе қосымша жылытқыштар қою жайлы ойланыңыз.
- Пәтердегі ауа ылғалдылығының деңгейін төмендетіңіз.
- Ғимарат ішіне ағынды-сорғылы желдеткіш жасаңыз.
- Терезенің алдынан барлық бөлме гүлдерін алып тастаңыз. Гүлдерге су құйған сайын топырақ ылғалдылықты арттырып, нәтижесінде терезе буланады. Әсіресе, бұл терезенің алдында бірнеше ірі бөлме өсімдіктері тұрса байқалады.
- Бұл проблеманы шешудің халықтық әдістері де бар. Мысалы, терезенің әйнегін сабынмен уқалап, содан соң жұмсақ дәкемен сабынды қабатты жылтыратып сүртіңіз. Бұл артық ылғалдан уақытша арылуға көмектеседі.
- Сондай-ақ қарапайым тұзды пайдалануға болады. Оны кішкентай қапқа салып, терезенің алдына іліп қойыңыз. Уақыт өте оны тазасына ауыстырып тұрыңыз.
- Тағы бір әдіс – этил спирті мен глицериннен 20:1 пропорцияда қоспа дайындау. Содан соң осы қоспамен терезені сүртіп тұрыңыз.
Терезенің булануы несімен қауіпті?
Терезенің булануы – жиі пәтердегі ылғалдылық деңгейінің жоғары болуының салдары. Пәтерде ылғалдылықтың өте жоғары болуы адам денсаулығына және жиһаздар мен техникалар жағдайына зиян. Оның басты қаупі – қабырғалардың көгеруі. Көгеру тек эстетикалық проблема емес, ол адам денсаулығына қауіпті. Ол иммунитетті әлсіретеді және жүйке жүйесіне жағымсыз әсер етеді.
Мұндай ғимаратта тұратын адамдар жиі респираторлық аурулармен және аллергиямен қиналады. Зеңнің барлық түрі бірдей қауіпті емес, бірақ оның бір түрін басқасынан ажырату оңай емес. Сондықтан оны байқаған бойда одан және оның себебінен арылудың жолдарын қарастыру керек.
Оқи отырыңыз: Кір жуғыш машина жылдам бұзылмас үшін...
А. Жапатова