Телефонсыз өткен 14 түн: әйел ағзасындағы өзгерістерді айтты

Телефонсыз өткен 14 түн: әйел ағзасындағы өзгерістерді айтты
Фото: depositphotos.com

Журналист Синди Кузма кешкі уақытта телефон пайдаланудан бас тартқан. Ол екі аптаға созылған тәжірибесі туралы Prevention басылымындағы мақаласында айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Журналист мұндай шешімге кітап оқып отырғанда да телефонын қайта-қайта тексеретінін байқағаннан кейін келген. Хабарламаларды әр минут сайын қарап отыру әдетке айналғанын түсінген ол өзін сынап көруді ұйғарған.

Осылайша Кузма күн сайын кешкі сағат 21:00 мен 21:30 аралығында телефонын қонақ бөлмеге қуаттауға қойып, таң атқанша оған жоламаған. Ал өзі күнделікті шаруаларымен айналысып, ұйқыға дайындалған.

Бастапқыда телефонсыз отыру оған біртүрлі көрінген. Алайда көп ұзамай ұйқысы жақсарғанын байқаған.

"Ұйқыға кетуім жеңілдеп, түні бойы оянбай ұйықтайтын болдым. Бірақ мені одан да қатты таңғалдырғаны – таңертеңгі көңіл күйім мен жағдайым жақсарғаны", – деді журналист.

Кузманың айтуынша, бұрын оянған бойда телефонға үңілетін. Ал бұл әдетінен арылған соң таңғы уақытын әлдеқайда тыныш өткізе бастаған.

Оған төсектен тұру, жуынып-шайыну, тіс тазалау және электрон хаттарын тексеру де жеңілдей түскен.

"Нәтижесінде бұрынғыдай көп алаңдамайтын болдым, әрі жұмысым да өнімдірек жүре бастады", – деді ол.

Журналистің тәжірибесіне пікір білдірген психолог Натали Даутович ұйықтар алдында телефон пайдаланбау расында да ұйқы сапасын жақсартуға көмектесетінін айтты.

Маманның түсіндіруінше, телефоннан көрген ақпарат адамның жүйке жүйесін қоздырып, тынығуына кедергі келтіруі мүмкін. Сонымен қатар, экраннан тарайтын көк жарық ағзаның ұйқы мен сергектік ырғағына әсер етеді. Ал түнде келетін хабарламалар ұйқыны бөліп, адамның толық тынығуына мүмкіндік бермейді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget