- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жаңа үш облысқа...
Жаңа үш облысқа бюджеттен қанша ақша берілетіні айтылды
Жаңадан құрылған үш облыста тек әкімдік жұмыстарын ұйымдастыру үшін 12 миллиард теңге қажет. Қаржы әкімшілік ғимараттарды сатып алуға, жөндеуге және жалға алуға жұмсалмақ, - деп хабарлайды "Массагет" тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, ең көп ақша Ұлытау облысына түседі - 12 миллиардтың 7,5 миллиарды. Орталығы Қонаев атанған Алматы облысына 3,5 миллиард теңге бөлінеді. Ең азы Абай облысына - 839 миллион теңге.
Бүгінде үш облыстың әкімі қай ғимаратта отыратыны белгілі. Ұлытау мен Абай өңірлерінің басшылары облыс орталығындағы қалалық әкімдікте, ал Жетісу облысының әкімі жеке кәсіпкерден уақытша жалға алынған ғимаратта жұмыс істейді. Үкіметтегілер әр аймаққа барып, олардың жай-күйін бағамдап қайтыпты.
Ұлттық экономика министрінің сөзінше, алдағы уақытта Қонаев шаһарында жаңа әкімдік ғимараты салынады. Жаңадан құрылған облыстарда салынатын, жөнделетін нысандар баршылық. Қазынадан бөлінген 12 миллиард теңгені сол мақсаттарға жұмсау көзделіп отыр.
Жақын күндері облыстарды басқару жобасын бекіту мәселесі мәслихат сессиясына шығарылады. Құжат бекітілгеннен кейін өңірлерде облыс басқармалары құрылып, тиісті кадрлық тағайындау жүргізілмек.
G. Dosymshalova"Үкімет тиісті қаулыны қабылдап қойған. Онда қосымша бірліктер бөлу арқылы жаңадан құрылған облыстарда әкімдіктер штаты санының лимиті белгіленген. Мемлекеттік органдар құрылғаннан кейін облыстар арасында бюджет пен коммуналдық меншікті бөлу жұмысы басталады", - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.