Sony екі жаңа смартфонын таныстырды

Sony екі жаңа смартфонын таныстырды
Фото: phandroid.com

Жапондық Sony корпорациясы Xperia M5 және Xperia C5 Ultra смартфондарын ресми түрде таныстырды. Жаңа гаджеттер Instagram сынды әлеуметтік желілерді белсенді қолданатындар үшін жасалған. Нақтырақ айтар болсақ, сапалы камераға ие смартфондар селфиге бейім тұлғалардың көңілінен шығатыны анық.

Sony Xperia M5 IP65 және IP68 қорғаныштық технологиясымен қамтамасыз етілген. Бұл гаджеттің су немесе шаңнан толығымен қорғалғанын білдіреді. Сонымен қатар, смартфон 1920х1080 пиксельді мүмкіндікке ие 5 дюймді дисплеймен жабдықталған. Ал оперативті жады – 3 гигабайт, қосымша жады 16 гигабайт көлемді құрайды. Одан бөлек, қолданушы 200 гигабайтқа дейінгі microSD-картаны қолдана алады. Жаңа өнім 2 ГГц жиілікте жұмыс істейтін 64 битті MediaTek Helio X10 процессорымен жабдықталған. 

Sony гаджетінің ең маңызды ерекшелігі оның камерасында болып отыр. Жоғарыда айтылғандай, смартфон селфишілерге арналған. Аппараттың алдыңғы камерасының суретке түсіру сапасы 13 мегапиксельді құрайды. Сондай-ақ,  Full HD сапамен видеоға түсіреді. Смартфонның негізгі камерасы 21,5 мегапиксельмен қамтамасыз етіліп, Sony Exmor RS автофокус сенсорына ие. Одан бөлек, бес есе жақындататын оптикалық зум 4K сапада бейне түсіруге арналып жасалған.

Ал Xperia C5 Ultra аппараты 6 дюймді Full HD-дисплеймен жабдықталған. MediaTek MTK6752 процессоры 1,7 ГГц жиілікте жұмыс істесе, оперативті жады 2 гигабайт көлемді құрайды. Қосалқы жады мен қалған техникалық мүмкіндіктері Xperia M5 моделінің құрылымымен бірдей.

Жапонияның смартфон өндірісінен шыққан жаңа гаджеттер жекелей белгіленетін елдердің нарығында  осы айдың соңына қарай сатылымға қойылады. M5 моделі ақ, қара және алтын түсті нұсқалармен ұсынылса, C5 Ultra смартфонының түсі туралы ақпарат берілмеді. Сонымен қатар, смартфондардың әртүрлі нарықтағы бағасы туралы да нақты мәлімет әзірге жоқ. 

Ж. Өрісбай