Америкалықтар мен жапондар роботтар айқасын ұйымдастырады

Америкалықтар мен жапондар роботтар айқасын ұйымдастырады
Фото: www.businessinsider.com

Жақында АҚШ-тың MegaBots компаниясы жапондардың Suidobashi Heavy Industry робот құрастыру концерніне ұсыныс тастаған-тын. Жекпе-жекке шақыратын арнайы видео YouTube видеохостингінде жарияланған еді. Енді Suidobashi компаниясының басшысы ұсынысты қабылдағанын мәлімдеп, өзінің Kuratas атты роботын шайқасқа дайындайтынын айтты.

MegaBots өкілдері: «Suidobashi, сізде алып робот бар, бізде де алып робот бар. Біз сіздерді дуэльге шақырамыз», – десе, жапондық компания басшысы Курата: «Бұл жекпе-жекті өзге елдің ұтып алуына жол бермейміз. Алып роботтар – бұл жапон мәдениеті», – деді.

Suidobashi компаниясының негізін салушы Когоро Курата нағыз механика айқасына салмағы 4 тонна «Kuratas» роботын дайындап жатыр. Ал америкалықтардың Megabot Mark 2 роботының салмағы 6 тонна тартып, екі адамның көмегімен басқарылатыны белгілі болып отыр.

Адам тектес роботтардың айқасы туралы осыған дейін де айтылған. Робот құрастырушылар осылай жаңа спорт түрін қалыптастыруды жоспарлап отыр. Айта кетсек, роботтық технология онлайн видео ойындар мен ғылыми-фантастиканы шынайы өмірге алып келеді.

Әзірге жекпе-жектің қайда болатыны және шайқас ережесі белгісіз. «Megabot Mark 2» роботы екі пейнтбол атқышымен жабдықталған. Ал «Kuratas» иесі шайқаста роботтардың бір-бірімен қарусыз айқасуын ұсынып отыр. Көптің қызығушылығын тудыра бастаған ерекше шоу туралы нақты мәліметпен алдағы уақытта танысамыз. 

Ж. Өрісбай