Watson суперкомпьютері онкологиялық ауруларға қарсы күреседі

Watson суперкомпьютері онкологиялық ауруларға қарсы күреседі
Фото: thinkprogress.org

IBM корпорациясы ұсынған Watson суперкомпьютерінің мүмкіндіктері туралы осыған дейін де бірнеше рет айтып өткен болатынбыз. Оның мүмкіндіктері жасанды сананың жаңа қадам басуына алып келді. Мысалы, аталған компьютер тәжірибе барысында аспаз және сатушы қызметтерін орындай алады. Тіпті телевикторинада жеңімпаз атанып та үлгерді. Енді Watson адам денсаулығымен айналысуды жөн көріпті.

Watson суперкомпьютері өзінің қуатты есептеу жүйесінің көмегімен қатерлі ісіктің шамасын талдап, науқастарға дұрыс емделу бағытын нұсқайтын болады. IBM суперкомпьютерінің жаңа қызметін АҚШ денсаулық сақтау департаменті қолдап отыр. Қазіргі кезде онкологиялық аурулар генетикалық мутацияның салдарынан қатерлі ісік жасушаларының шамадан тыс көбейіп кетуіне алып келуде. Ғалымдар қатерлі ісіктің бастапқы белгілері пайда болатын нақты бір жасушаны анықтау мүмкіндігі болса, қатерлі ісіктің оңай әрі қауіпсіз жолмен алдын алуға болатынын айтады. Ал сол жасуша белгілерін Watson суперкомпьютері анықтайтын болады.

Айта кетсек, ДНҚ-ны толық тексеру кезінде өңдеуді қажет ететін ауқымды ақпарат жиналады. Одан бөлек, гендік мутациялардың мыңдаған жасуша санын ескерер болсақ, мұның барлығын қысқа уақыт ішінде талдап, оның ішінен нақты себепші жасушаны бөліп алу күрделі процесс. Сондықтан бұл істі жасанды санаға ие суперкомпьютер орындамақ.

Онкологтар компьютер қуатының бұл мәселені шеше алатынын айтады. Watson ДНҚ ақпараттарын жүктеп алып, ішінен қауіпті жасушаны анықтайды. Ал анықталған жасушаны жою үшін өзіне жүктелген медициналық зерттеу жұмыстарын қолданып, ұтымды емдеу дәрумендерін жазып шығарады. IBM бағдарламашылары аталған суперкомпьютерді медицина саласына бейімдеу үшін бір жыл жұмсаған.

АҚШ-тың барлық емханаларына бұл компьютердің қол жетімді болуы немесе болмауы әзірге анық емес. Сондай-ақ, жеке клиникалық орталықтар IBM корпорациясына қанша төлемақы беріп тұруы тиіс екендігі де талдануда.

Ұқсас жазбалар: 

Titan әлемдегі ең қуатты суперкомпьютер атанды

2015 жылдың ашылуға тиіс 10 жаңалығы #9

Ж. Өрісбай