Microsoft компаниясы жаңа Edge браузерін ресми түрде таныстырды (Видео)

Microsoft компаниясы жаңа Edge браузерін ресми түрде таныстырды (Видео)
Фото: Ibtimes.co.uk

Осыған дейін Microsoft корпорациясының жаңа браузерлік жоба аясында еңбек етіп жатқаны туралы жазған болатынбыз. Project Spartan деп аталатын жоба Internet Explorer интернет іздеу платформасының орнын басады деген пікір де қалыптасты. Енді Spartan ресми түрде Edge атауымен жарыққа шықты.

Аталған браузер өзінің бастапқы тұтынушыларын жинауы үшін Windows 10 платформасына енгізіледі. Айта кетсек, Windows бағдарламалық қамтуының ендігі нұсқасы ағымдағы жылдың шілде айында шығады деп күтілуде. Қазір ол тестілеуден өтіп жатыр.

Жоғарыда айтылғандай, Edge Windows 10 нұсқасының негізгі бетіндегі басты он бағдарламаның бірі ретінде көрсетілмек. Ал Internet Explorer болса өз қызметін жалғастыра бермек. Тек қолданғысы келетіндер оны Windows байдарламаларының ішінен арнайы іздеулеріне тура келеді.

Edge браузерінің бірнеше артықшылығы бар. Мысалы, қолданушылар кез келген өзі ашып отырған веб-бетке қалауынша ескертулер қалдырып, сосын бөлісуге мүмкіндік алады. Әрбір ізделінетін беттің оқылу барысы да ерекше кейіпке енген. Одан бөлек, браузер Cortana дыбыс қызметімен үйлесіп, оның басқы интерфейсі Chrome мен Firefox үлгілеріне ұқсатып жасалған.

Statcounter статистикалық ақпаратының 2015 жылдың наурыз айына қатысты есебіне орай, Internet Explorer іздеу қызметін әлемнің 20% интернет қолданушысы пайдаланыпты. Ал Chrome платформасының көрсеткіші — 47%.

Ж. Өрісбай