- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Туиттердің жеке видеосервисі...
Туиттердің жеке видеосервисі пайда болады
Туиттер әлеуметтік желісі осыған дейін де өзінің жеке видеохостингін ашуы туралы хабарлаған болатын. Соңғы ақпараттарға орай аталған қызмет түрі келесі аптада іске қосылады.
Ресми емес ақпараттарға бет бұрсақ, жаңа интернет-сервисі Дорси Джек (Туиттерді жасаушы) осыдан екі жыл бұрын сатып алған Vine қосымшасына өте ұқсас. Әзірге мұны компания өкілдері ресми растаудан бас тартып отыр.
Туиттердің жаңа қызмет түрі әйгілі Youtube видеохостингіне бәсекелестік тұдыруы мүмкін. Оның басты ерекшелігі қарапайым қолдану үлгісінде болмақ. Айта кетсек, кез келген видеоны жүктеу Youtube хостингіндегідей 10 минуттан көп уақыт алмай, небәрі 20 секундта орындалатын болады.
Бұл Туиттер қолданушыларын көбейту мақсатында жасалынып отыр. Расында соңғы жылдары аталған әлеуметтік желінің пайдаланушылары тым азайып кеткен. Енді видеомен бөліскісі келетін қолданушылардың назарын өзіне тартуды көздеп отыр. Өзге де ақпараттарға сенсек, Facebook компаниясы да осы тектес қызмет түрін ұсынуды жоспарлаған екен.
Өткен жылы Туиттер бағдарламашылары Vine қосымшасын желіге тіркемек болған. Дегенмен оның дербес күйінде қалғаны компанияның жеке мақсаттарына керек болыпты. Сол себепті енді жаңа видеоқызмет желінің бір бөлігі ретінде пайда болады.
Бұл Туиттер тарихындағы ең үлкен жаңарту болмақ. Егер компания сапалы өнім шығара алса, жарнамалық агенттіктерден келетін табыс көзі де артатын болады.
Сурет: mirineta.com
Ж. Өрісбай