Стив Возняк профессор атанды

Стив Возняк профессор атанды

Стив Джобстың жақын досы Стив Возняк өмірінде неше түрлі іспен айналысқан. Apple компаниясының негізін қалаушылардың бірі өнертапқыш, бағдарламашы болып та еңбек еткен. Енді Стив университетте профессор болып жұмыс атқаруға шешім қабылдапты. Айтулы маманды өз білім ордасына тарта алған ЖОО АҚШ-та емес, Аустралияда орын тепкен.

Аты аңызға айналып үлгерген «Воз» Сидней Технология Университетінде мұғалімдік етуге келісім берген. Осылай оған адъюнк (профессор) атағы беріліпті.

Аталған дәрежені ресми түрде Стив алғаш рет алып отыр. Ол белгілі Magic Lab зертханасында жұмыс істейтін болады. Аталған зертхана Инженеринг пен Ақпараттық Технологиялар факультетінің құрамына кіреді. Стивтің университетке жасаған бұрынғы визиттерінің бірінде кампустағы атмосфераны көріп таңданғанын жасырмаған болатын. Сондықтан болса керек, осы кампуста жас мамандармен бірге ғылыми тәжірибелермен айналысуға қуана келісімін беріп отыр.

Ең бастысы профессор жұмыс орнына байланысты Аустралияға көшпейді. Возняк телебайланыс арқылы өз лекцияларын жүргізетін болады. Заманауи видеобайланыс студенттермен қарым-қатынаста болып, тәжірибе алмасуға, сонымен қатар, кеңес беруге орасан зор мүмкіндік береді. Дегенмен, Стив уақыт бойымен университетке келіп тұратынын жасырмады.

Университет басшылығы орын алып жатқан мынадай келісімге үлкен алғыс айтып отыр. Себебі инновация мен еңбекті қадірлей алатын адамнан көпті үйренуге болады.

Сурет: cultofandroid.com

Ж. Өрісбай