Өткен жылдың үздік технологиялары

Өткен жылдың үздік технологиялары
Фото: pressa.tv

Жыл сайын жаңа үлгідегі технологиялардың қарқынды түрде дамып жатқандығын барлығымыз білеміз. Осыдан біраз уақыт бұрын адамның қиялындағы дүниелер енді шынымен де кәдеге аса бастады десек, қателеспейміз. Инновациялық техниканың даму барысында бұрынғы заттар жаңаша түрге еніп, кейбірі тіпті ойдан шығарылуда. Сонымен 2016 жылы ғаламға қандай тың дүниелер келгенін тізімдеп өтсек.

Жарық диодты шамдарды көрген кезде таңғалмауыңыз мүмкін. Алайда, ауада қалқып тұрғанына назар аударған сәтте ойыңыз әп сәтте өзгеріп кетеді. Магниттің қарама-қарсы күшін пайдалану арқылы жасалған құрылғы күннің сәулесінен қуат алады. Мамандардың айтуы бойынша аталған дүние жиырма екі жыл тоқтаусыз жұмыс істеуге шақтап жасалған екен. 

Соңғы жылдары автокөліктің молайып, көлік кептелісінің көбеюіне байланысты адамдардың біраз бөлігі велосипедке ауысып жатқандығы мәлім. Бірақ екі дөңгелекті шайтан арбамен де жол апатына түсу қаупі азаяр емес. Кейде арнайы шлемдерін алып жүруді ыңғайсыз санайтын жолаушылар опат болып та жатады. Осының алдын алу үшін ғалымдар арнайы жиналатын бас киім ойлап тапқан екен. Енді велосипед жүргізушілері мұндай затты сөмкеге салып, барлық қауіпсіздік шарасын толықтай пайдалана алады.

Жаһандану барысында әрбір затты тиімді әрі дұрыс пайдалану қоғамға да, қоршаған ортаға да оң нәтижесін беретіні белгілі. Сондықтан үйдің төбесін жабу үшін мыңдаған сүрленген ағаштың орнына күннің энергиясын алатын арнайы технология ойлап шығарылған. Бұл үйіңізге жарық беріп қана қоймай, экологияға да тиімді болып келеді. 

Таңертең ұйқыдан ерте тұру адамзат үшін ең қиын шаруалардың бірі. Жылы төсектен жылдам бас алып өзін сергек ұстау қалыпты режимді дұрыс сақтайтындарға ғана тиесілі. Сондықтан мамандар арнайы жарықты бөлетін оятқыш ойлап тапқан екен. Сіздің белгілеген уақытыңызға байланысты жаңа дүние жарықты ақырындап бөліп, тұратын мезгілде айналаңызды жарықтандырып жібереді. Бұл сіздің ұйқыңыздан оянған уақытта өзіңізді бірден жайлы сезініп кетуіңізге үлкен септігін тигізеді. 

Кім екені белгісіз, алайда, қалтаңыздағы құлаққаптың сымдары шешілмейтіндей етіп оратылып қалған кездер сіздің де басыңыздан өткен болар. Жаңадан ойлап шығарылған технология сіздің құлағыңызға жеткен бойда телефоныңызға бірден қосылады. Арнайы жасалған құрылғы қазіргі таңда артық тоқ сымдарынан құтылуға көмектеседі. Тек асығып жүріп жоғалтып алмасаңыз болғаны.  

B. ZHAQSYMBET