Сара Брайтман ғарышқа сапары үшін 52 миллион доллар жұмсамақ

Сара Брайтман ғарышқа сапары үшін 52 миллион доллар жұмсамақ

Британдық әнші Сара Брайтман ХҚБ-не (Халықаралық ғарыш бекеті) ұшу үшін 52 миллион доллар төлейтін болды. Бұл жөнінде ғарыш сапарларын ұйымдастырумен айналысатын Space Adventures компаниясының басшысы Том Шелли хабарлады.

Брайтман Халықаралық ғарыш бекетіне келесі жылдың қыркүйегінде аттанады деп жоспарланып отыр. Жұлдыз үлкен сапарға дайындықты күз айында Мәскеудің жанындағы шағын қалашықта бастамақ. Уақыты келгенде, діттеген жерге оны «Союз» ғарыш кемесі Байқоңырдан ұшып жеткізбек. Брайтманның ғарышға сапары он күнге жоспарланған.

Негізінен Сара Брайтман көпшілікке «Мысықтар» және «Опера елесі» сияқты мюзиклдарымен таныс. Әнші осы күнге дейін 180-нен аса алтын және платина жүлделерін жеңіп алумен қатар, Олимпиада ойындарының ашылуында үш рет ән шырқап үлгерді. Ал әлем бойынша оның әндері жазылған 30 миллионнан аса диск сатылған екен.  

Осылайша Брайтман өз қалтасынан ақша төлеп, ғарышқа аттанғалы отырған тарихтағы тоғызыншы, ал әйелдер арасындағы екінші турист атанбақ.

Адамзат тарихында тұңғыш рет ғарышқа турист ретінде аттанған америкалық кәсіпкер Деннис Тито саналады. Ол да аспан әлеміне жасаған тұңғыш сапарын Байқоңырдан бастады. Ал ғарышта өткізген алты күн үшін ол Ресей үкіметіне 20 миллион доллар төлеген болатын. Бір қызығы, бұл сапарда оның үзеңгілестерінің арасында отандық екі ғарышкердің бірі Талғат Мұсабаев та болды. ОАР елінің азаматы Марк Шаттлворт та бір апталық сапар үшін 20 миллион долларға шығындалған еді. Ал әзірге тарихтағы екі рет ғарышқа ұшу бақыты бұйырған жалғыз турист есімі – америкалық миллионер Чарльз Симони. Ол орбитаға 2007 және 2009 жылдары көтерілді.  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: facebook.com

Б. Қосмағамбет