Beats құлаққаптары Apple корпорациясына өтті

Beats құлаққаптары Apple корпорациясына өтті

Америкалық Apple корпорациясы Beats Music онлайн-сервисінің иесі және атақты құлаққаптар мен акустикалық жүйелерді шығаратын Beats Electronics компаниясын сатып алғандығын ресми түрде хабарлады.

Келісім құны 3 миллиард долларды құраған. Оның 2,6 миллиарды бірден төленсе, ал қалған қаржыны жақын аралықта төлеуге келіскен. Яғни бұл сома осыған дейін кейбір БАҚ хабарлаған көрсеткіштен 200 миллион долларға ($3,2 миллиард) арзан болып отыр. Одан бөлек Beats құрылтайшыларының бірі Джимми Айовин (Jimmy Iovine) пен рэпер Dr. Dre (шын есімі Андре Янг) енді Apple командасымен бірге жұмыс жасайтын болды.

«Музыка біздің өміріміздің маңызды бөліктерінің бірі әрі оның жүрегімізде алатын орны да ерекше. Музыка атты осы бір ғажайып нәрсеге біз бұдан әрі де инвестиция құюды жалғастыра бермекпіз. Ондағы мақсатымыз – әлемдік деңгейдегі инновациялық музыка өнімдері мен қызмет түрлерін жарыққа шығару», – деп түсініктеме берді Apple президенті Тим Кук.

Beats құлаққаптары нарыққа 2008 жылы шыққан болатын. Сол кезден бері бұл бренд (ең табысты болған Dr. Dre-ні қоспағанда) Дэвид Гетта, Lady Gaga, Джастин Бибер сияқты жұлдыздармен жұмыс жасап үлгерді. 2010 жылы мобильді телефондарды шығарумен айналысатын HTC компаниясы Beats акциясының 50,1 пайызын 309 миллион долларға сатып алса, 2012 жылы оның жартысына жуығын 150 миллион долларға қайта сатты.  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: trendymen.ru

Б. Қосмағамбет