Chrome браузері сіздің әңгімелеріңізді тыңдай алады...

Chrome браузері сіздің әңгімелеріңізді тыңдай алады...

Chrome браузері қондырылған кез келген компьютерді айналасында айтылып жатқан барлық әңгімелерді жазып алуға пайдалануға болады екен.

Дәл осындай қорытындыға израильдік программист Тал Атер өзінің дауысты тану бағдарламасымен жұмыс жасау кезінде келген.

Тал Атердің сөзінше, браузерді жасап шыққан Google компаниясы бұл олқылыққа өткен жылдың желтоқсан айында көздерін жеткізгенімен, ол әлі күнге дейін жаңарған соңғы браузерлерде бар көрінеді.

Ал Google компаниясы болса браузердегі дауысты тану жүйесін қолданушылар үшін соншалықты қауіпті емес деп санайтынын айтып отыр.

Браузерде қондырылған дауысты тану жүйесіндегі қателік тек компьютер зиянды сайттарды жүктегенде ғана пайда болады екен. Әдетте қолданушылар өз микрофонын пайдалануды тек белгілі бір сайттарға ғана өз қолымен рұқсатын беретіні анық. Рұқсат берілгеннен кейін, Chrome браузері арнайы қызыл белгімен бұл жөнінде қолданушыға ескертеді.  

Төменде орналасқан видеода Тал Атер қаскүнем адамдардың арнайы жасалған кодты қолданушыдан рұқсат алу үшін пайдалануға (оның микрофонын пайдалануға деген рұқсат) болатындығын көрсеткен. Осы олқылықтың кесірінен қолданушы ол сайттан шығып кеткеннен кейін де оның микрофоны тыңдалатындығы анықталып отыр.


«Егер сіз осындай сайтқа микрофоныңызды пайдалануға рұқсат берсеңіз, ол сіз сайттан шығып кетсеңіз де, компьютердің жанындағы әңгімелерді жазып ала алады»,-дейді Тал Атер.

Осы мәселеге орай, программист аталған компанияға арнайы сауал да жолдаған екен. Оған келген жауапта былай делінген: «Google компаниясы интернеттің стандарты мен даму жолын анықтайтын W3C консорциумынан жауап күтіп отыр. Біздің клиенттеріміздің қауіпсіздігі – бұл біз үшін ең басты басымдылық. Бұл жүйе де барлық қауіпсіздік шараларын есепке ала отырып жасалынған. Осы мәселеге орай жаңа тексеру жұмыстарын жүргіздік. Оның нәтижесінде қолданушылардың қауіпсіздігіне кері әсерін тигізетін ешбір олқылықты анықтаған жоқпыз. Ал микрофонды тыңдау жөніндегі мәселеде ең бірінші қолданушының өзі келісімін беру керек екендігін ұмытпайық».  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: img.gawkerassets.com

Б. Қосмағамбет