Adidas "ақылды" қол сағат ұсынды

Adidas "ақылды" қол сағат ұсынды

"Adidas" компаниясы 1 қарашадан бастап Android 4.1.1 Jelly Bean операциондық жүйесімен жұмыс жасайтын, Gorilla Glass қорғаныс қабаты бар, мүмкіндігі 184х184 пиксельді құрайтын 1,45-дюймды түрлі-түсті сенсорлы дисплейі бар miCoach Smart Run "ақылды" қол сағатын көпшілік назарына ұсынып, іле-шала сатылымға шығармақ.

Өндіруші компания спорт тауарларын шығаруға дағдыланғандықтан, miCoach Smart Run сағаты да спортты жаны сүйетін, салауатты өмір салтын ұстанатын қолданушыларға арналып отыр. Гаджетте жүрек соғысын қадағалайтын арнайы оптикалық технологиясы бар өлшеу құралы, басып өткен қадамдар санын есептейтін акселерометр бар. Сондай-ақ онда иесінің жүгіріп немесе жүріп өткен маршрутын жазып, оның жылдамдығы мен қашықтығын анықтайтын GPS-қабылдағышқа да орын табылған.

Құрылғы аудиоплеер қызметін де атқара алады (4 ГБ өзіндік жады бар). Ол Bluetooth сымсыз технологиясы арқылы құлаққаптарға жалғанып, одан бөлек, өзіне қарапайым сағат пен секундомер қызметтерін де қоса қоса жүктейді. Ал Wi-Fi технологиясы арқылы сағатта жаттығулар мен олардың тізімін алдын ала жоспарлауға мүмкіндік бар.    

Айта кетейік, Adidas miCoach Smart Run "ақылды" сағаттары нарыққа 400 доллар бағамен шығады деп күтіліп отыр. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: news.adidas.com

Б. Қосмағамбет