Hyetis Crossbow — 41-мегапиксельді камерасы бар "ақылды" сағат

Hyetis Crossbow — 41-мегапиксельді камерасы бар "ақылды" сағат

Соңғы кезде электроника алпауыттары смартфондар мен планшеттерден бөлек, осы «ақылды» қол сағаттар өндірісіне де жіті назар аударып келеді. Шыны керек, осыдан бірнеше жыл бұрын мұндай сағаттарды тек Голливуд фильмдерінен ғана көруші едік. Енді міне арада біраз уақыт өтпей жатып, бұл фантастикалық құрылғы ақиқатқа айналып отыр. Солардың бірі жақында ғана таныстырылған Hyetis компаниясының ерекше сағаты. Бұл құрылғының басқаларынан ерекшелігі онда 41-мегапиксельді камера орналасқан. Ал мамандар сағаттың сапасы швейцариялық құрылғылардан еш кем түспейді дегенді айтады.

Hyetis Crossbow сағаттары Android, iOS және Windows Phone 8 операциондық жүйелерімен жабдықталған мобильді құрылғыларға Wi-Fi, Bluetooth және NFC сымсыз технологиялары көмегімен жалғана алады. Сондай-ақ гаджетте альтиметр, термометр, микрофон, тіпті иесінің физикалық жағдайын анықтауға мүмкіндік беретін биометрикалық сенсор да орнатылған.

«Ақылды» сағаттың сыртқы корпусы титаннан жасалған, ал сенсорлы экраны сапфирлы шынымен қорғалған. Жаңа гаджеттің басқа да мінездемелері жөнінде өндіруші компанияның ресми сайтына кіріп, біле аласыздар. Айта кетейік, компания Hyetis Crossbow сағаттарына жақын күндері тапсырыс қабылдай бастайды. Ал оның бағасы алдын-ала мәліметтер бойынша 1200 долларды құрамақ.   

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: gadgetblog.ru

Б. Қосмағамбет