Ішкі әскер БТР-мен су кешті

Ішкі әскер БТР-мен су кешті

Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері БТР-мен су кешуді үйренді. БТР жүргізуші-механиктерінің кәсіби дайындығын арттыру мақсатында алғаш рет өтіп отырған «Судағы кедергілерден өту» атты жиын «Жағалау» оқу полигонында болды. Оған ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің Қазақстанның әр аумағында орналасқан әскери бөлімдерінен барлығы 28 БТР жүргізуші-механик қатысты.

Жаттығудың басты мақсаты әскери көлікпен өзеннің арғы бетіне өтіп, қайта оралу болатын. Ал келесі жылы дәл осындай жаттығу Астана қаласында Есіл өзенінде болды.

Жиын барысында қатысушыларға «Су кедергілерінің түрлері», «Жүзуші жауынгерлік машиналармен су кедергілдерін барлау және жабдықтау», «Құтқару-эвакуациялық қызмет», «Жауынгерлік машиналарды су кедергілерінен өтуге дайындау», «Жауынгерлік машиналармен суда жүзу, нұсқалған тұста тоқтау, тоқтап тұру», тағы басқа тақырыптар бойынша дәрістер ұйымдастырылды.

Жиынның белсенді фазасы 8 тамыз күні өтіп, онда БТР-80 жауынгерлік машиналарымен су кедергілерінен өту бойынша практикалық жаттығулар көрсетілді, сынақтар тапсырылды. Төрт күндік жиында ішкі әскердің «Оңтүстік», «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтары әскери бөлімдерінен келген әскери қызметшілер үздік нәтижелер көрсетті.

Ғабдулхақ Шөкішев, ҚР ІІМ Ішкі әскерлері Басқолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары генерал-майор:

- Республикалық деңгейдегі бұл шарада қатысушылар зор жауапкершілік танытып, жоғары кәсіби дайындық деңгейін көрсетті. БТР жүргізуші-механиктерінің жауынгерлік дайындығын арттыруға бағытталған шара өз мақсатына жетті деп санаймын.

Бас қолбасшының орынбасары сонымен қатар, келер жылы Астанада Есіл өзені жағалауында осындай жаттығулар өткізуге мүмкіндік беретін оқу полигоны ашылғалы жатқанын да атап өтті.

Дархан Мұханов

Ішкі әскер «Оңтүстік» өңірлік

қолбасшылығы қоғаммен байланыс жөніндегі офицері

А. Құлтай