Әлемнің көне қалалары

Әлемнің көне қалалары
Фото: yandex.kz

Тарихтың көне құпияларын бойына сыйғызып бүгінгі күннің куәгеріне айналған көне қалалар кімді болмасын қызықтырары анық. Ең қызығы да сол – ежелгі дәуірлерде соғылып, іргесі қаланған қыш қалаларда адамдар әлі күнге дейін тұрып жатыр. Былайша айтқанда, бұл қалалалар – тарихтың сан қилы соғысы мен зұлматын көзбен көріп, іштей тынған монументалды нысандар.

Сондай қалалардың бірнешеуіне тоқталып өтелік.

Иерихон, Палестина, 7000 жыл

Иерусалим қаласынан 30 шақырым жерде орналасқан. Бұл қаланың тарихы біздің заманымызға дейінгі ІХ мыңжылдықтан басталады. Қаланың іргесі сол уақытта қаланған. Қалашықтан 10 мың жыл бұрын өмір сүрген тұрмыстық қалдықтар мен адам сүйектер табылған.

Иерихон қаласының атауы Інжіл кітабында көп кездеседі. Ғалымдар Інжілдің деректері мен тарихи деректерді салғастырып, қаланың хронологиясын жасаған.

Кейбір археологтардың ойынша, Иерихон – адамзат баласы 6 мың жыл бойы қоныстанған әлемдегі жалғыз қала. Яғни, қазіргі тілмен айтқанда жер бетіндегі ең көне қала – осы Иерихон. Қалаға кіріп бара жатқан жолда «Ең көне қала» деген тақта да қойылған.

Оның үстіне қала, теңіз деңгейінен 200 метр тереңде жатыр. Яғни, бұл ежелгі қала – төменде, ойыста жатқан қалалардың бірі.

Библ, Ливан, 7000 жыл

Жерорта теңізінің жағасында орналасқан бұл қала көне Финикия мемлекетінің астанасы болған. Антикалық дәуірде теңіз жағасындағы порт қала қызметін атқарған. Египет пен Грекияға папирус тасымалданған.

Қаланың айналасы тау мен орман, сондықтан қаланы жаулап алу оңай болмаған. Қазіргі дәуірге дейін сақталып қалуына да осы себеп болса керек. Шаһардың билеушілері өзінің атын тарихта қалдыру үшін қамал, қабырға, амфитеатр, храм мен бағана орнатқан.

Қазір бұл қалада 20 мыңдай ғана адам тұрады, балықшылар қоныстанған. Бірақ рим амфитеатрлары мен эллин храмдары, тас құдықтар мен билеушілердің саркофагы сол күйі сақталып қалған. Қаланың орталығында тұрған Ескерткіш храмға 4 мың жыл болған. Оны мысырлықтар салған.

Афина, Грекия 6000-7000 жыл

Афинаның көне қала екенін бәрі біледі. Көне Грекия жайлы сөз қозғасақ болды, алдымен Афина ойға оралары анық. Ежелгі грек мәдениетінің алтын бесігі, Жерорта теңізінің орталығы. Көне данышпандардың, философтар мен сәулетшілердің мекені.

Қаланың ең құнды ескерткіші – Акрополь қамалы. ЮНЕСКО-ның тізіміне енген. Көне гректердің құдайларға арнап салған храмдары жиналған жер.

Алеппо, Сирия, 6300 жыл

Таяу Шығыс көне қалалардың көп шоғырланған мекені. Көне Месопотамия аңғары – талай қауымның жерұйық мекеніне айналған жер. Сирияда орналасқан Алеппо – адам көп қоныстанған қала. Алеппо жайлы алғаш б.з.д. ІІІ мыңжылдықта жазылған деректерде кездеседі. Көне семит елі – Эбланың астанасы деп көрсетілген ол деректе.

Бұл қаланы Ескендір Зұлқарнайын да, Ақсақ Темір де жаулап алған.  Қала Ұлы Жібек жолының жолайрығында орналасқандықтан әрі Таяу Шығысқа билігі мықты стратегиялық нысан болғандықтан әлем билеушілерінің де, саудагерлердің де қызығушылығын тудырған.

Көне дәуірде салынған Әл-Мадина базары қазіргі күні әлемнің ең ұзын базары атанған. Ұзындығы 13 шақырымға дейін созылады.  

Қаланың көне бөлігінде орналасқан Алеппо қамалы Х ғасырда тұрғызылған, ЮНЕСКО-ның тізіміне енген.

Сузы, Иран, 6200 жыл


Иранның оңтүстік-батысында жатыр. Элам мемлекетінің астанасы болған. Б.з.д ІІІ мыңжылдықта іргесі қаланған. Бірақ 7 мың жылдықтан бастап адамдар қоныстана бастаған. Элам елі құлағаннан кейін Ассирия мен Парсы патшалары мен патишахтарының астанасы болды.

Шумер халқының деректері мен Інжілде кездеседі.

Қазір бұл – аядай ғана шағын қала, 60 мың тұрғыны бар.

Элам дәуірінде салынған храм мен мәдени нысандар құламаған, бүлінбеген. 1890 жылдары француз археологтары көне дәуір ескерткіштерінің сыртына дуал тұрғызған. Қазір бұл дуал күзетіледі.

Дамаск, Сирия, 5000-6000 жыл

Әл-Фарабидің сүйегі жатқан қала. Қазақ халқы Шам қаласы деп атаған. Шамамен, біздің заманымызға дейінгі 3 мың жылдықта салынған. Қаланың тарихы бай. Билеушілері де, басып алушылары да көп болған. Діни арпалыстың «ордасына» айналған.

Ежелгі дәуір тарихшыларының бірі Ибн Асакир Шамды Нұх пайғамбар заманында болған тасқыннан кейін салынған жер бетіндегі алғашқы қала деген деректі айтады. Ал заманауи тарихшылар Египет перғауындары билік құрған б.з.д XV ғасырда салынған деген пікірде.

Қаланың ежелгі ескерткіштерінің ең көнесі – Оймеяд мешіті. Б.з.д. VIII ғасырда тұрғызылған. Жанында Иоанн Предтечаның шіркеуі тұр. Бір қалада исламның да, христиан дінінің де мәдени мұралары жатыр.

Дамаск – қазір Шығыс Таяудағы ірі мегаполистердің бірі. Бірақ Сирияда саяси тұрақсыздықтың кесірінен көнеден қалған тарихи ескерткіштердің тағдырына қауіп төніп тұр.

Газиантеп, Түркия, 5650 жыл

Хет патшалығы салған, б.з.д 6 мыңжылдықта іргесі қаланған қала. Египет, Вавилон, парсы, грек, армян, арабтар мен түріктердің билігінде болған.

Қаланың атағы 1915 жылы болған геноцидтен кейін әлемге тез тарап кетті. Армян диаспорасы қырылған уақыт. Қазір бұл қалада армяндар қалмады.

Бүгінгі таңда Газиантеп қаласы туристтер мекеніне айналған. Көне ескерткіштер мен мешіттерді, рим, египет дәуірінен қалған мәдени нысандарды, экспонаттарды көріп тамашалығысы келетіндер көп.

Пловдив, Болгария 5000-6000 жыл

Көне қалалардың арасында Еуропадан бір қала бар. Қазіргі Болгарияда орналасқан Пловдив қаласының іргесі неолит дәуірінде қаланған. Біздің заманымызға дейінгі 6 мың жыл бұрын. Қалада финикия, рим, славян, түріктер қоныстанған. Осман империясының иелігінде болған.

Әсіресе, римдіктер жаулап алғаннан кейін қаланың көркі өзгерді. Олар тұрғызған амфитеатр, ипподром мен терма, тас қамал бүлінбей осы күнге жеткен. Амфитеатрға 3 мың адам сияды. Мерекелік шаралар осында өтеді.

Эль-Файюм, Мысыр, 6000 жыл

Көне қалалардың енді бірі – Мысырдағы Эль-Файюм қаласы. Нілдің бойында жатыр. Біздің заманымызға дейінгі IV мыңжылдықта қаланған. Көне мысырлықтар қаланы Шедит деп атаған.

Ніл өзені тасыған кезде қаланың ішінде крокодил қаптап кететін болған. Содан Крокодилополь деп те аталған. Байырғы тұрғындар крокодилді қасиетті жануар деп алмазбен әшекейлеп, кейін тіпті табынға сап рәсімдеген.

 ХІХ ғасырда қалада қазба жұмыстарын жасаған археологтар көнеден жеткен 900 портрет тапқан. Қазір бұл портреттер әлемнің түрлі мұражайларында тұр. Қаланың атын шығаруға бұл да әсер етті.

Қ. Слямбек