- Негізгі бет
- Білесіз бе?
- Ойда жоқта пайда...
Ойда жоқта пайда болған өнертабыстар
"Ұлы өнертабыстардың көпшілігі кездейсоқ пайда болған" деген сөз бар. Кей ғалымдар әлдебір нәрсені ойлап табуы үшін бірнеше жылын сарп етсе, енді біреулердің аяқ астынан жасаған дүниесі жаңалыққа айналады.
Қысқатолқынды пеш
"Raytheon" компаниясының инженері Перси Спенсер радар жабдығын жасайды. Бір күні магнетронмен жұмыс істеп отырғанда қалтасындағы шоколады еріп жатқанын байқайды. Содан соң бірнеше затқа тәжірибе жасап көріп, қысқатолқынды сәуленің затты ерітетін қасиеті барын анықтайды. 1946 жылы өз өнертабысын патенттейді. Алғашында бұл пешті тағамды тез ысыту үшін тек әскери адамдар қолданды. 1965 жылдан бастап көпшілікке қолжетімді болды.
Рентген сәулесі
Атақты физик Вильгельм Рентгеннің ұлы өнертабысын бәріміз білеміз. Алайда оның ойламаған жерден жасалғанын барлығы біле бермес. Ол 1895 жылы катод құбырларына зерттеу жүргізеді. Құбырдың екі жағында да экран болады. Бірде кездейсоқ жарықты жағып қалғанда ерекше сәулені байқайды. Құбырдың алдына алақанын қойып көрсе, ол да жарқырайды. Ол осылай өз өнертабысын Х-сәулесі деп атады. Көп ұзамай бұл медицинада қолданысқа енді.
Жүгері қауызы
XIX ғасырда АҚШ-та "Батл-Крик" атты шипажай болды. Ол жерде ағайынды Келлогтар жұмыс істеді. Бір күні шипажайда жүгері ұнынан тағам дайындау керек болды. Ағайындылар аяқ астынан бір жерге шығып кетеді, қайтып келсе ұн бұзылып кетіпті, ал оны тастауға болмайды. Амалсыздан Уилл Келлог ұнды илеп, оны қуырады. Таңғы ас кезінде жейтін қытырлақ тағамымыз осылай пайда болған. Ағайынды Келлогтар 1897 жылы жүгері қауызын шығаратын "Sanitas" компаниясын ашты.