- Негізгі бет
- Білесіз бе?
- "Жасанды сана –...
"Жасанды сана – ядролық қарудан да қауіпті" – Маск
Жыл сайын АҚШ-тың Техас штатында өтетін SXSW фестивалінде канада-америкалық инженер, кәсіпкер, инвестор әрі миллиардер Илон Маск SpaceX жобасының жоспарлары жайлы және жасанды сананың адамзат үшін қауіпті тұсын айта кетті, - деп жазады The Verge басылымы.
Илон Маск фестиваль кезінде ең таңдаулы сұрақтарға жауап берді. Себебі оған қойылған сұрақтар онлайн жолданып, арнайы дауыс беру арқылы таңдалған.
SpaceX жобасының басшысы Марс пен Айда адамзат өркениетін өркендеткісі келеді. Оның компаниясы Марсқа алғашқы тәжрибелік сапарын 2019 жылдың басына жоспарлауда. Ал ол кезде ұшатын Big Falcon Rocket (BFR) зымыраны әлі жасалу үстінде.
Инвестор фестиваль көрермендерінен келген "Біз қалай көмек қолымызды соза аламыз?" - деген сұраққа да жауап берді. Ол өз ісіне қолдау білдіріп, жетістікке жетуіне тілектес болса жеткілікті екенін айта кетті. Әзірге көп елдер SpaceX жобасына қырын қарайтынын, егер жүзеге асса жолдас болуға асығып отырғанын да жасырмады.
Илон Маск адамзат өмірі үшін жасанды сананың қаупі көп екенін баса айтты. Одан келер қауіп – адамзат баласын түгелдей жойып жіберуі де мүмкін екен.
- Менің сөзімді есте сақтаңдар. Жасанды сана – ядролық қарудан да қауіпті. Қоғам үшін келетін зияны ұшан-теңіз. Осыны қадағалайтын неге бірде-бір ұйым жоқ? Бұл – барып тұрған естен адасу – деді танымал маман.
Илон Маск қазіргі таңда уақытының 90 %-н SpaceX жобасына арнап жатқанын да айта кетті. Жолданған сұрақтарға 1,5 сағат ішінде жауап беріп үлгерді.
Айта кетейік, жасанды сана жыл санап дамып келеді. Қазірдің өзінде осы бағыт бойынша неше түрлі бағдарламалар жасалып үлгерді. Жан-жағымызды жаулап алды десек те қаталеспейміз. Қарапайым ғана бәріміз білетін Siri мен "Сәлем Google" іздеу жүйелерін айтуға болады.
Жалпы ұғымда, жасанды сана — сіздің сұрағыңызды ұғып, оған нақты жауап іздеуге негізделген компьютер.
О. Сансызбай