Ордалы жыланды неге өлтіруге болмайды?

Ордалы жыланды неге өлтіруге болмайды?
Фото: wikipedia.org, financialtribune.com, wallpaperscraft.com

Ұлы далада көшіп-қонып күн кешкен көшпенді бабалар табиғи апаттан, тылсым дүниелерден, алып күшке ие жыртқыштардан сақтанды. Өздері қауіптенген, қасірет әкеледі деп қорқып жүрген ол жаратылыстың атын тікелей атамай, атауын алмастырып отырған. Көне қазақы мәдениеттің көзқарасын білдіретін бұл ұғым табу деп аталады. Қасқырды итқұс, найзағайды жай деп атаған бабалар иір-иір жүрсе де, ініне түзу кіретін жыланның да атауын шұбар деп алмастырған. Ал, кей әңгімелерде түйме деп те аталады. Бүгін осы бір суық сұсты тіршілік иесі жайлы, оның киесі жайлы жазбақпыз.

Топтасып, бір ордада өмір сүретін жыландар тобы табиғи апатты сезгіш келеді. Әлеуметке барлық ақпаратты ақтарып беретін әлеуметтік желі деген сыр сандықтан қалың жылан қаптап келіп қара трассадан құжынай көшіп жатқанын көрген боларсыз. Егер ордаға жақын аймаққа қауіп төнерін сезер болса, олар бірден орын ауыстырады. Көшу барысында топтың шеткі жағында қарауылшы қызметін атқаратын "кезекші" жыландар болады. Олардың міндеті, топты сыртқы жаудан қорғау, қарауылдау. Ал, алдыңғы шепте топ бастайтындар – жол білетін жолкезерлер.

Қазақ жыланды ертеректе ем-домға да қолданған. Халық емшілері жыланның басын шауып, ішін тазалағаннан кейін оны терісімен бірге қазанға қайнатып, сорпасын сырқаттанған адамға ішкізген. Бұл сорпа қан айналымын қалыпқа келтіріп, түйіршіктелген қою қанды сұйылтады. Ішкі ағзаны толықтай тазартып, тіпті, алғашқы кезеңдегі рак ауруынан айықтырады. Сонымен қатар жылан уы да түрлі мақсатта қолданылып келді. Ескі заманда ел арасындағы өзара қатынас, билікке талас, жауласу кезінде белгілі, абройлы басшылар дәл осы жылан уы қосылған сусын ішіп мерт болған. Яғни, бұл сұйықтық улау мақсатында көп қолданылды.

Жылан жайлы ауыздан ауызға тарап, бүгінгі күнге жеткен түрлі аңыз-әңгімелер де, ел арасында айтылатын түрлі әпсаналар да жетерлік. «Аңыз адам» деген тіркес бүгінгі уақытта көп қолданылады. Десе де, осы теңеу Қорқыт бабамызға арналғандай. Себебі, өмірдің мәнін іздеген ел аузындағы оқиғасы да, өмірі де, тіпті туып өскен мекені де аңыз боп айтылады. Орта ғасырда Оғыздардың астанасы болып, уақыт өте тұтас қаланың қирауы жан түршігерлік оқиғамен байланыстырылатын Жанкент қаласы жайлы тағы бір аңыз бар. Халық арасында бұл мекен жыландар шаһары деп те аталады.

Ертеректе бұл Жанкентті Санжар есімді хан билеген. Қаланың басшысы аңшылыққа, саятшылыққа жаны құмар кісі болған деседі. Бір күні нөкерлерін жиып, аң қуа шыққан Санжар қылышын сарайында қалдырып кетеді. Қаруын алып келмекке хан құлын жұмсайды. Басшысының тапсырмасысымен Санжардың әйеліне келіп, қылышты сұраған құл ханның әйелінің ақ білегін көргенде сұлулығына тамсанып, есінен танып қалады. Осындай сұлулыққа ие Санжардың жары әйгілі Қарабура әулиенің қызы еді. Біраз уақыт өте кешігіңкіреп келген қол астындағы қарашаға хан ашуланып, қаһарын төгеді. Айыбын жуып-шаймаққа әлгі құл «Сарайда Бегім сұлу білегімнен ұстап жібермеді» деп жалған айтады. Ашуға мінген хан қалаға оралып, оқиғаның ақ-қарасын анықтамастан әйелінің оң қолын, оң бұрымын шауып тастайды.

Сөйтіп Бегім сұлудың әкесі осындай оқиға болып жатқанын сезіп, қызын ақтап алмаққа қарекет жасайды. Зынданға тасталған қызының бейкүнә екенін сезген әулие Санжарға егер Бегім сенің алдыңда таза болса ертең бұрынғы сау қолы ғажайыппен қалпына келеді. Ал, таза болмаса мәңгі бақи мүгедек боп өтеді деп кесіп айтады. Ертеңгі күн туып, хан зынданнан Бегімді алдырса, екі қолы, бұрымы қалпына келген екен. Бұдан кейін Қарабура әулие қызына жасаған қиянаты үшін Санжарға «Еліңді қара жылан жұтсын» деп қарғайды. Ертеңінде қалаға қара жылан жаңбырша жауып, халықтың бірін қалдырмай шағып өлтіреді. Осылайша, өркениетті Жанкент қаласында қас пен көздің арасында тірі жан қалмай, бұл аймақта мәңгілікке түтін түтемей қалды. Бүгінде Жанкент қаласында әлі күнге дейін қара жыланның қарасы көп. Тіпті, осыдан бірнеше жыл бұрын ауыл сыртында жылтырап, шұбалып жататын деп еске алады ауыл ақсақалдары. Ал, сол Бегім ана кесенесі бүгінде Қызылорда облысы, Қазалы ауданында орналасқан.

Бауырымен жорғалаушылардың класына жататын бұл тіршілік иесі өте кекшіл келеді. Сол себепті, ордалы жыланның өкілін қазақ ешқашан өлтірмеген. Егер, киіз үйге кіріп келсе, басына ақ құйып кейін қайтарып жіберген. «Далада жылан көрсе өлтіреді, үйде жылан көрсе жақсы көреді» деген ойдың дәлелі осы болар. Ақ тағам жақсы пиғылдың, ниетінің түзу екенін білдіргендіктен жыланның алдына ақ құйған. Сол уақытта жылан да оған кек сақтамай, зұлымдық ойдан арылып, жақсылыққа ешбір қарсы әрекет істемеген.

Ертеректе бір жас жігіт ордалы жыланның мүшесін өлтіріп қойып, күтпеген шытырман оқиғаға кез болыпты. Жыланды жапан далада өлтірген жігіт бұл ісін көзі қарақты әулие шалға айтып отыр. Әңгіменің мән жайына қанық болған ақсақал жігітке «Бұл аймақтан көшіп кет, әйтпесе сол жыланның кесірі тиіп, жер басып көп жүрмейсің деп» ақылын айтады. Ерігіп жүріп жыланның өлмегін ермек қылған жас жігіт сау басына сақина тілепті. Ақсақалдың ақылын естіп абдырап, айтқанын құп көрген жігіт бір күн аялдамастан ауылдан көшіп кетті. Арада бірнеше жыл уақыт өтті. Әлгі жігіт дін аман, бастан пәлекет кетті деп түйді. Сөйтіп жүргенде түздің шаруасын реттеп, жолдастармен шүйіркелескен жігіт аяқ киімін кимекке қамданғанда қасындағы жасы үлкен жолдасы оны тоқтата қалды. Қолына таяқ алып етіктің ішінен ирелеңдеген қара жыланды суырып алып шықты. Суырып алғаны сол еді, әлгі етіктің иесіне бірден атыла кеткен жыланға екінші қолымен өз етігін тоса қалды. Етіктің қонышына уы шашырап, шағып үлгерген жылан бірден өз жолын тауып, кейін шегініп жоқ болды. Сонда жолдасы «Ордалы жыланды өлтірген екенсің, оның ағаттық болыпты. Бірақ енді қорықпа. Мынау келген жылан сенен кек алу үшін келді. Аузынан уы шықты, енді мақсаты орындалды. Саған енді келмейді» деп жолдасын кеудесінен қақты. Бірақ жігіт бірнәрсені түсінбеді. Ол өлтірген жылан бұл ауылдан мың шақырымдай қашықтықта қалған еді. Бұл мұнда қалай келді? Ойлана келе жауабын тапты. 4 күн түнеп бұл өңірге бұрынғы ауылынан қойшылар келген еді. Бұл жылан сол көп қойдың мүйізіне оралып, өзіне бұйырылған бұйрықты орындауға келген жанкешті екен.

Дайындаған: Аслан Қажиев

Massaget