«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жандандыру

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жандандыру
Фото: kapital.kz

Сандық технологиялар көптеген мүмкіндіктерге жол ашты. Үкімет ұсынған қызметтерге бизнес пен халық еркін қол жеткізеді, ақпарат алмасу жылдамдығы артты, жаңа бизнес бағыттарын қалыптастырып, жаңа сандық өнімді құрастыруға мүмкіндік туды. Еліміздегі ауқымды бағдарламалардың бірі – «Цифрлық Қазақстан» жобасы. Оның басты мақсаты – халықтың тұрмысындағы сандық экожүйенің даму үрдісін жеделдету арқылы Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жандандыру төрт негізгі бағыт бойынша жүзеге асады:

1) «Сандық Жібек жолын» жасақтау қолжетімді, жылдам әрі қорғанысы мықты сандық инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталады.
2) «Жасампаз қоғамды» қалыптастыру арқылы цифрлы экономиканың дағдыларын дамытып, халықтың сандық сауаттылығын ашуға мүмкіндік туады.
3) «Цифрлық жаңғыру» бағыты экономиканың әр саласында бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында сандық технологиялардың қолдану бойынша жұмыс істейді.
4) «Белсенді сандық үкімет» электронды және мобильді жүйенің жетілуін қамтамасыз ете отырып, мемлекеттік қызметті жолын жеңілдетуді қарастырады.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында мемлекеттің стратегиялық міндеттері мен қызметтері айқын. Ең алдымен, еліміз үшін өзекті әрі маңызды істердің шешімін табу – негізгі міндеттердің бірі. Соның ішінде, мемлекеттің басқару тиімділігін өсіру, денсаулық сақтау, халықты жұмыспен қамтамасыз ету, білім деңгейін жетілдіру және еңбек өнімділігін арттыру сынды мәселелердің шешімін қарастыру жүктелді.

Ақпараттық технологиялар экономикаға көп жаңашылдық әкеледі. Біріншіден, бизнесті жүргізу жеңілдей түседі. Олар халықаралық келіссөздердегі  шығын көлемін азайтады.
Екіншіден, олардың көмегімен жаһандық көлемде тұтас нарық қалыптасып, тұтынушылар қоғамы құрылады.

«Цифлық Қазақстан» – қазіргі ғасырдың даму үрдісіне сәйкес қызмет етуді көздейтін бағдарлама.

Т. Есқали