Ғаламторда iPhone 7 туралы бейресми деректер пайда болды

Ғаламторда iPhone 7 туралы бейресми деректер пайда болды
Фото: www.youtube.com

Бірнеше ай бұрын сатылымға шыққан iPhone 6S смартфондарының тұтынушылары Apple өнімінің келесі моделіне қызығушылық таныта бастағаны белгілі. Ғаламторда келесі жылы таныстырылатын iPhone 7 флагманы туралы расталмаған ақпараттар, нақтырақ айтсақ, болжамдар пайда болды.

Apple корпорациясының кезекті смартфоны жұқа корпусты болады. Сонымен қатар, өнім 10 ядролы A10 процессорымен жабдықталмақ. Одан бөлек, iPhone 7 смартфонының үш түрлі нұсқасы шығарылады. Айта кетсек, 4,7 дюймді iPhone 7, 5,5 дюймді iPhone 7 Plus және 4 дюймді iPhone 7c ресми таныстырылуы мүмкін. Соңғы модельдің экраны кішкене, техникалық мүмкіндігі төмен (A9 процессор, 3D Touch функциясымен қамтылмайды) болғанымен, оның бағасы сатып алушыларды қуантары анық.

SanDisk пен Toshiba компаниялары дайындайтын қосалқы жадының арқасында жаңа iPhone 256 ГБ көлемге ие болады. Смартфон функцияларының жұмыс істеу жылдамдығы өсіп, сенсор сезімталдығы да артады. iPhone 7 Plus оперативті жады – 3 ГБ, ал iPhone 7 моделінде небәрі 2 ГБ болмақ.

Айта кетсек, бұл мәліметтер әзірге Apple қызметкерлері тарапынан расталмады. Әдетте купертинолық компания таныстырылмаған өнімінің техникалық мүмкіндіктері туралы ақпаратпен алдын ала бөліспейді. Әртүрлі болжамдардың рас не жалғанын келесі жылдың қыркүйек айында ғана біле аламыз.

Ж. Өрісбай