MWC 2016 көрмесінде қандай гаджеттер таныстырылады?

MWC 2016 көрмесінде қандай гаджеттер таныстырылады?
Фото: testore.me

Android операциялық жүйесі негізінде жұмыс істейтін құрылғыларға арналған іс-шаралар жылына үш рет өтеді. Айта кетсек, Берлин қаласында (Германия) IFA, Лас-Вегасте (АҚШ) CES және Барселонада (Испания) MWC халықаралық көрмелері ұйымдастырылады. Жақында IFA 2015 іс-шарасы өтті. Енді Mobile World Congress 2016 көрмесіне дайындық жүріп жатыр.

Келесі жылдың ақпан айында басталатын халықаралық көрме несімен құнды болмақ? Расында көрмеде таныстырылатын нақты мобильді девайстар бірнеше күн қалған кезде ғана анықталады. Дегенмен жыл сайынғы дәстүр мен инсайдерлер берген ақпаратқа орай, MWC 2016 көрмесінде мынадай гаджеттер таныстырылуы мүмкін.

Samsung Galaxy S7

Samsung компаниясы жоғарыда аталған халықаралық көрмелерді өз өнімдерін таныстыруға негізгі платформа ретінде қолданады. Осы жылы Galaxy S6 мен Galaxy S6 Edge флагманды смартфондары MWC 2015 көрмесіне қойылған. Енді келесі жылда Galaxy S7 мен Galaxy S7 Edge аппараттарын күтеміз.

HTC One M10

Осыдан бірнеше жыл бұрын қытайлық HTC бренді Samsung корпорациясымен бәсекелесе алатын деңгейге жеткен еді. Ал қазір HTC компаниясы жоспарлы бюджеттік қысқартуға енген. Дегенмен негізгі флагманды өнімі уақытынан кеш шықпайтын көрінеді. Жоспар бойынша, HTC One M10 флагманы ақпан айында өтетін іс-шарада таныстырылады.

Sony Xperia Z5 Ultra мен Z5 Tablet

MWC көрмесі – Sony компаниясы үшін үлкен іс-шара. Келесі жылдың ақпан айына жапондық компания өзінің таңдаулы өнімдерін таныстыруға дайындап жатыр. Естеріңізге сала кетсек, биылғы көрмеде Xperia Z4 Tablet пен M4 Aqua гаджеттері көпшілікке ұсынылған еді.

Project Ara

Құпияға толы модульді өнімнің анонсы кешіктіріліп келеді. Тұтынушы смартфонды өз қалауына орай құрастырып ала алатын жоба MWC 2016 халықаралық көрмесіне қойылуы бек мүмкін.

Әзірге нақты таныстырылатын гаджеттер тізімі – осы. Одан бөлек, көпке аты белгісіз компаниялардың бұрын-соңды танымал болмаған брендтері көрмеге қойылуы мүмкін. Олардың қатарында қазіргі кезде технологиялық трендте жүрген виртуалды шындық пен «ақылды» сағаттар бар болуы ықтималдан жоғары.

Ж. Өрісбай