Google корпорациясының қызметкеріне барлық жағдай жасалған

Google корпорациясының қызметкеріне барлық жағдай жасалған
Фото: www.vosizneias.com

Google корпорациясы өзінің командасын жоғары деңгейге көтергісі келеді. Компания қызметкерлері үшін кеңседе тегін тамақтану орталығы, жаттығу залы, хайтек-дәретханалар, медициналық қолдау көрсету орталығы мен жүргізушісіз қозғалатын көліктер жұмыс істейді. Бір қызығы, Google қызметкерлері өмірден озған соң он жылға дейін жалақыларының жартысын төлемақы ретінде алатын көрінеді. Белгілі мөлшердегі сома компанияның бұрыңғы қызметкерінің жанұясына берілетін болады. Google осылайша қызметкерлерінің жағдайын жасауда барлық мүмкіндіктерін аямайды.

Google-дің қызметкерлер бойынша директоры Ласло Бок (Laszlo Bock) соңғы жылдары компания жұмысшыларының орта жасы біршама жоғарылағанын ескеріп, осындай жәрдемақы төленетінін ресми жария етті. Google персоналының ең үлкені 83 жаста екен. Айта кетейік, мұндай жеңілдік жұмыс өтілінің шамасына қарамастан компанияның барлық қызметкерлеріне беріледі.

Бүгінде IT-алыбының 34 000 қызметкері бар. Тіпті бір күн ресми жұмыс істеген қызметкерлерге де аталған жеңілдік беріледі екен. Ресми зейнетақысынан бөлек, қайтыс болған жұмысшының жанұясында кәмелетке толмаған перзенті болса, оның жасы 19-ға жеткенше (студент болса – 23 жас) $1000 көлемінде жәрдемақы төленеді.  

Ж. Өрісбай