Геймер Эверест шыңында жаңа рекорд орнатты

Геймер Эверест шыңында жаңа рекорд орнатты

23 жастағы америкалық өз хоббиімен өзге ойыншылар секілді төрт қабырғаның ішінде емес, әлемнің ең биік шыңында айналысуды жөн көріпті.

«Quest for Everest: The Gaming Journey of a Lifetime» байқауында жеңімпаз атанған Уильям Крузға ұйымдастырушы Ubisoft компаниясы Эверест шыңына шығып, «Far Cry 4» ойынын ойнауға мүмкіндік берген. Ол ұсынысты бірден қабылдай алмағанын айтады. Себебі осыған дейін Круз еш саяхаттап көрмеген екен. Тіпті АҚШ-тан тыс еш жерге шығып кермепті. Сондықтан шетелге шығу үшін арнайы паспорт жасатуға тура келген.

Өзі «таулы» Юта штатының тумасы болса да, Эверестті бағындыру оңайға соқпағанын Fox News арнасына берген сұхбатында айтады:

«Жоғарыға көтеріле берген сайын, жүру қиындай түсті. Ұйқымыз қанбай, суық болса да, суды көп іштік. 4572 метр биіктіктен жоғарылағаннан кейін тыныс алуды реттеу үшін түнде бірнеше рет оянуға тура келді», - дейді ойыншы.

Ойын ойнауға қажет құрылғылардың барлығы 15 адамның көмегімен жеткізіліпті. Бес шақырым биіктікке жеткеннен кейін, Круз рекордын орнату үшін Күннің батуын күткен. Себебі Күн сәулесі барда монитордан ештеңе көрінбепті.

«Ойын ойнап боламын дегенімше күртешемде мұз пайда бола бастады. Өте қатты суық еді. Бірақ сондай суықта PlayStation 4 ойын консолының істеп тұрғанына таң қалдым», - дейді рекордшы Круз.

Билл сүйікті ойынын ойнауды 90 минут жалғастырып, Гиннестің рекордтар Кітабына енген. Ол 5659 метр биіктікте компьютер ойынын ойнаған геймер ретінде тарихта қалды.

Сурет: twitter.com

Ж. Өрісбай