Атом энергиясы жайлы ақиқат пен аңыз

Атом энергиясы жайлы ақиқат пен аңыз
Фото: en.eyeni.biz

Атом энергиясы жөнінде қоғамда кереғар пікірлер көп. Ол туралы аңыздар мен фактілер де қатар жүреді. Көп жағдайда «жасыл технологияны» қолдайтындар бұл энергия жөнінде жалған ақпараттар шығарып, сол арқылы Жер тұрғындарын атом энергиясына қарсы тұруға үгіттеп жүргені де рас. Не десек те, кез келген энергия түрі секілді атомның да өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Бүгін біз сіздерге энергияның осы түрі жөнінде біршама қызықты деректер мен жалған аңыздарды тізіп шықпақпыз.  

1. Атом станциялары құрылысы жөнінен ең қымбат нысан болып есептеледі. Атом электр станцияларының (АЭС) қызмет ету мерзімі орташа есеппен қырық жылға тең. Оны салуға жұмсалатын қаржыдан бөлек, шикізат (байытылған уран) пен мерзімі өткеннен кейін пайдаланудан шығаруға кететін қаржы да ұшан-теңіз.  

2. АЭС жанында өмір сүретін адамдардың арасында лейкемия (ақ қан, рак) ауруы жиі кездеседі деген түсінік бар. Алайда ол ғалымдар тарапынан еш дәлелденбеген тұжырым саналғандықтан, оны жалған аңыз деп айтуға толық негіз бар. Бұл аурумен Жердің кез келген нүктелерінде адамдар шамамен бірдей деңгейде ауырады. Ол АЭС-тің жаны болсын, табиғаты сұлу аймақ болсын статистика бойынша бәрі бірдей.    

3. Көпшілігіміз оқығандай не теледидардан көргендей, біз жел мен толқын энергиясын экологиялық жағынан ең тазалары деп білеміз. Бірақ, бұл да даулы сұрақ. Өйткені көбіне жел станциялары суқоймалардың жанына салынғандықтан, ол аймақтың экологиялық балансын едәуір бұзады. Олардың саны көп болған сайын табиғатқа келетін шығын да арта түседі. Ал АЭС-тің бір өзі өндіретін энергия көлеміне тең энергияны өндіру үшін жүздеген жел станциялары қажет болады екен.   

4. Кейбіреулер АЭС отын ретінде пайдаланатын уран жақын болашақта сарқылады дегенді айтады. Бұл – түбегейлі қате пікір. Себебі уранның Жердегі мөлшері алтыннан 600 есе көп. Бұл – шамамен 500 жылдық қор деген сөз. Ол біткен күннің өзінде ғалымдар торий элементін химиялық өңдеуден өткізіп, одан оп-оңай уран ала алады. Ал торийдің қоры ураннан үш есеге дейін мол екенін айта кетейік.    

5. Атом энергиясының бағасы жөнінде көпшілік арасында әртүрлі ой бар. Бұл энергияның 10 пайызын ғана уранның бағасы құрайды. Оған әлемдік нарықтағы қойылған баға да мұнай мен газға қарағанда әлдеқайда тұрақты. Бүгінде атом энергиясына деген баға тек газдан ғана қымбатырақ. Ал жел энергиясынан жиырма есеге дейін арзан тұрады.

©YouTube. Байытылған уран

6. АЭС құрылысы өте ұзақ уақытқа созылады деген де аңыз бар. Бірақ бұл нысандар әрі кетсе 5 жылдың ішінде толық салынып бітеді. Бұл – мұндай алып қуаттағы станцияға соншалықты көп уақыт емес.

7. Бәрінен бұрын адамдарды атом электр станцияларынан бөлініп шығып, "қоршаған ортаға үлкен залал келтіретін газдың мөлшері" толғандырады. Алайда соңғы есептеулер бойынша, АЭС-тен бөлінетін газ күн және гидроэнергиямен салыстырғанда әлдеқайда аз көрінеді. Сондай-ақ бәзбіреулер радиоактивті қалдықтарды "көметін жердің болмауын" ойлап, түршігеді. Шындығына келгенде, АЭС-тен шығатын қалдық мөлшері өте аз және оны сақтайтын қоймалар тек 20-40 жылда ғана толығып отырады.

Б. Қосмағамбет