Технологияның соңғы жаңалықтарынан құлағдарсыз ба?

Технологияның соңғы жаңалықтарынан құлағдарсыз ба?

Инновациялық технология заманындағы өнертапқыштардың жаңа құрылғылары мен концептілері сізді таңқалдырмай қоймайды.

Жүзетін қонақ үй


Теңіз деңгейі көтерілген сайын мүмкіндіктері мол жаңа жобалар да көбейіп келеді. Бұл ең алдымен сәулет өнеріне қатысты. Мысалы, ресейлік Remistudio компаниясы ұсынған «Ковчег» жүзетін қонақ үй жобасы ыңғайлылығымен қатар, жер сілкінісі кезінде адамдардың қауіпсіздігін де қамтамасыз ететін болады.

Қонақ үй Халықаралық Сәулетшілер Қоғамының арнайы бағдарламасына арналып жасалынады. Әрі кеме, әрі қонақ үй қызметін атқаратын «Ковчегтің» құрастырушылары оның теңіз толқынында да тұрақты жүзуді қамтамасыз етілуін негізге алып отыр.  Кеме жеке жанармай-энергетикалық жүйесімен және өмірге қажетті құрылғылармен жабдықталады.

Күн сәулесінің лампалары


Африкада Сахараның оңтүстігіндегі елді мекендерде электр энергиясын қолдануға базалық инфрақұрылым жетіспейді. Сол аймақтардағы адамдардың көп бөлігі жанармаймен жұмыс істейтін генераторларды қолданады. Bloomberg Philanthropies компаниясы осы ділгірлікті шешу үшін күн энергиясын қолдану жобасына 5 миллион АҚШ долларын жұмсады. Жаңа лампалар жергілікті тұрғындар тарапынан кеңінен кеңінен қолданыла бастады. Лампаны жасаушылардың мәлімдеуінше жуырда оның бағасы жанармайдың құнынан да төмен болады екен. Қол жетімді өнім африкалықтардың тұрмыс жағдайын жақсартады деп сенеміз.

Hover bike ұшуға дайын


Aerofex компаниясы 2012 жылы өзінің ұшатын көлігін іс жүзінде сынап көрген болатын. Қазір компания жаңа деңгейге көтеріліп, құрылғыны сатуға шығаруды жоспарлауда.  Aerofex компаниясы «Aero-X-тің» коммерциялық құнын 85 000 АҚШ долларына бағалап отыр. Ерекше көлік 2017 жылдан бастап сатылымға шығады.

Голограммалық жарық шығаратын шоколад


Швейцарлықтар, шын мәнінде, шоколадтың жасалу құпиясын біледі екен. Chocolatier Morphotonix компаниясы тұтынушыларды көптеп тарту үшін голограммалық жарық шығаратын шоколад жасап шығарды. Оның жасалу әдісі қарапайым төлем карталарындағы голограммалардікіндей  екен.

Жүзе алатын электромобиль


Су мен электрдің табиғаттан бір-біріне сай келмейтіні белгілі-ақ. Дегенмен, жапонның Fomm компаниясы мүмкін еместі жүзеге асырып отыр. Көліктің концепті қосмекенді, яғни әрі жерде, әрі суда жүзе алатын болады. Жапон ғалымдарына электромобильді жасау идеясы Жапонияда 2011 жылы болған цунами апатынан кейін келген. Осы секілді көліктер табиғи апат кезінде азаматтарды мобильдендіру үшін қолданылмақ. Ал бірақ, шын мәнінде, апат жағдайы болып қалса, көлік электр қуатын қайдан алмақ?

Бионды кенгуру


Немістің Festo компаниясы өзінің заманауи құлтемірлерімен әйгілі. Компания жыл сайын табиғи механизмнің технологиялық моделін жасайтын Bionic Learning Network жобасы аясында бір жаңа дизайн жасайды. Бұл жылы кенгурудің қимылын қайталай алатын жануар-құлтемірді құрастырған. Кәдімгі кенгуру секілді құлтемір де аяқтарымен жерде еркін қозғала алады екен.

Электроұшақ


The Airbus Group компаниясы өзінің «E-Fan» деп аталатын электр қуатымен қозғалатын ұшағын сынақтан өткізіп жатыр. Компания ұшақтың гибридті электрлік нұсқасын жасап, аймақтық транспорт үлгісіне айналдыруды ойластырып жатыр. Ұшақ шамамен 70-90 адамды тасымалдау қуатына ие болады деп жоспарлануда.

Супержұқа батарея


Райс Университетінің зерттеушілері конденсатордың (электр жинақтағыштың) жаңа электрохимиялық нұсқасын жасап шығарды. Батарея литий-ионды аналогынан әлдеқайда қарапайым және қауіпсіз. Конденсатордың қалыңдығы 0,03 сантиметр. Қуатталуы өте жылдам. Тіпті 10 000 рет қуатталғаннан кейін де, батарея бастапқы қалпының 76 пайызын сақтап тұра алады.

Қауіптің алдын алатын велосипед


Велосипедті жүргізу, әсіресе, оны көліктерге ортақ көшелерде жүргізуді қауіпсіз деп айта алмаймыз. Осыған орай сезгіш тетігі мен Bluetooth орнатылған «The Vanhawks Valour» велосипеді шығарылды. Қосалқы құрылғылар жақын маңдағы қозғалыстағы көліктердің әрекетін бақылап, қауіп төнген жағдайда дабыл қағады. Қазіргі кезде, құрастырушы мамандар дабылдың смартфондағы нұсқасын жетілдіріп жатыр.

«Инелік» вертикальді фермасы


Қалалық жағдайларда ауылшаруашылық беделі артып келеді. Бельгиялық сәулетші Винсент Каллебут Нью-Йорктағы Рузвельт аралында салынатын вертикальді ферманың жобасын жасады. «Инелік» деп аталатын ферма 132 қабаттық сәулет ғимаратында ауылшаруашылық өнімдерін өсіретін болады. Жүйе күн және жел энергиясымен жұмыс істейтіндіктен, өзін-өзі толық қамтамасыз ете алады деп күтілуде.

Ирелең лампалар


LG компаниясы жарық диодтарын қолдану саласында тағы бір жетістікке қол жеткізді. Енді органикалық жарық диодтары (OLED) да қолжетімді болды. Оны кез-келген көлем мен дизайнға келтіріп өзгерте аласыз. Сондай-ақ, смартфондағы нұсқасымен қашықтан лампаның жарық беру тәтібін өзгертуге болады.

Электроконцепт ONE


"Electric concept ONE" жобасының алғашқы алты концептуалды көлігі арнайы тапсырыспен жасалынған. Автоның құны миллион АҚШ долларына таяп қалады. Хорваттық Rimac компаниясының жылдам көлігі 1088 ат күшіне ие төрт электр қозғалтқышымен жабдықталған. Аталмыш көлік 2,8 секундта 100 км/сағ жылдамдыққа жете алады.

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: news.discovery.com

Ж. Өрісбай