Біз қолданатын USB-флешка қалай жасалады?

Біз қолданатын USB-флешка қалай жасалады?

Kingston Technology Inc. зауытының вице-президенті Кевун Ву мырза журналистерге арнап 2014 жылдың 6-11 сәуірі аралығында зауыттың орналасқан жері Қытай Республикасындағы Шанхай қаласына журналистік сапар (пресс-тур) ұйымдастырды.

Kingston компаниясының Алматы қаласындағы өкілі Алина Надырова басшылық жасап барған журналистік топқа компания мүмкіндігінше барлық жағдайды жасады. Арнайы компания басшысы Кевин Вудың шақыртуымен ұйымдастырылған іс-сапарда зауыттың толық жұмысымен танысып, шикізаттан қалай дайын өнім алынатынына көз жеткіздік. Журналистермен кездесуде сөз алған НR директор Анжела Янг Kingston Technology Inc. бойынша жалпы мәлімет беріп, жұмыс барысымен таныстырды. Компанияда жалпы саны 3500 адам қызмет етеді. Өнімдер әлемнің барлық елінде сатылымда бар. Бас кеңсе АҚШ-та, Калифорнияда орналасқан. Тайваньда алыс шығыстағы өндірістік кеңсе орналасқан. «Біздің Шанхайдағы зауытта екі логистикалық орталығымыз бар. Біріншісі, Санберри (Ұлыбритания), екіншісі Дублинде (Ирландия). Тайваньда SSD және USB құрылғылары жасалады. Бізде ValueRAM және оперативтік жад жасап шығарады.  Жалпы зауыттың инвестициясы 2001 жылы 65 млн. долларды құрады. Ал, жалпы зауыттың айналымы 2014 жылы 43 млн. долларды, ал тауарды экспортқа шығару 1 млрд. 800 млн. долларды құраған. 2001 жылы зауыт USB жинақтау құрылғыларын жасаудан бастаған болатын. 2010 жылы SSD жасау қолға алынды. Зауыт 8 сағаттан 3 ауысымда 24 сағат жұмыс істейді», - деді НR директор Анжела Янг.

Оперативті жад SMT линиялары арқылы 16 линиямен жүзеге асады. Линиялар автоматты түрде арнайы машиналар арқылы жасалады. Алты сағат ішінде  1200 данасын жасап үлгереді. Ал дайын өнім тексеруге жіберіледі. 300 данасы 4 линияға салынып, жалпы көлемі 6000 дананы құрайтын құрылғылар бір салғанда тексеруден өтеді. Мұнда жасалатын әрбір құрылғыға әртүрлі тексеру жасалынады, олар төмен температуралы және жоғары температуралы болып бөлінеді. Бір күнде 50 000  USB шығарылады. Қойманың жалпы биіктігі 16,5 метр биіктікті құрайды. Автоматтандырылған машина әрбір құтының орнына апарып керек заттарды қояды, сол жерден алады. Бір жинақ жасау үшін автомат паллетті (жүк тасымалдауға арналған ыдыс түрі) алып, сапаны тексеруге кіріседі. Бірінші, көлемі өлшенеді, тұрақтылығы өлшенеді. Сосын орайтын материал жасалады. Теледидардан жүйенің жұмысы көрсетіледі. Қай деңгейде екені бақыланады. Және косметикалық ақаулары бар ма соны қарап, тексеру жұмысы істеледі. Өнімге тексеру түрлері өте көп жасалынады: автоматтық, компьютерлік, визуалды және USB-дің қызмет етуі туралы тест, орап, қаптау туралы тест. SSD құрылғысына да тест осылай жасалып, жүк тасымалдау жұмысына жеткізіледі. Тауардың бұл түрі Тайваньнан шығарылады.

Жад модульдерінің 80% өндіретіндіктен IT технология бойынша нарықта бар компаниялар арасында Kingston Technology Inc. жоғары мәртебеге ие. Зауыттың QA жетекшісі Ег Гох болашақта осы өнімге деген сұраныс арта түседі деп күтілетіндігі, әріптестерімен байланыс туралы қойылған сауалға оның құпия екенін, дегенмен ірі деген Жапония және АҚШ компанияларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтіндіктерін де айтып өтті. Инвестицияның тартылуы қай деңгейде деген сұраққа, биыл инвестицияның көп бөлігі жаңа құрылғылар алуға жұмсалатындықтан, одан өзге үлкен инвестиция жоспарда жоқ екенін атап айтты. 2004-2013 жылдар аралығында 65 млн. доллар инвестиция жасалған. Ал дағдарыс тұсында компания, зауыт өзін қалай бақылауда ұстағаны, тұрақтылық әрқашан сақталып тұратындығына тоқталды. Тұрақты түрде белгілі мөлшерде өнімнің өндіріліп келетіндігі зауыт жұмысына оң әсер етеді. Сонымен қатар, өнімнің сапасын арнайы қаптамадан біле аласыз, немесе Қытайдың Пекин қаласындағы кеңсесіне хабарласып білуге болады. Жетекші әрі басшы ретінде ең басты әрі маңызды міндетті атаңызшы дегенде «Бірінші-сапа. Сапа, сапа, сапа» деп жауап берді. Бұл ұжымдағы басты қағида екенін аңғардық. Сапаға жұмыс істеу нарықта бәсекеге қабілетті болуды әрі үнемі табысты болудың кепілі деген ұстанымда жұмыс атқарылатынын аңғардық.

Біздің сапарымыздың мақсаты осы жоғарыда аталған біздің күнделікті өміріміздегі тұрақты қолданыстағы өнімдердің қалай жасалатынын өз көзімізбен көріп қайту болатын. Осы тұста Шанхай қаласындағы зауыттың басшылығы мен қызметкерлері үлкен дәрежеде құрмет көрсетіп, жылы жүзбен, қуанышты көңілмен қарсы алды. Алып шаһарда орналасқан зауыт табиғаты тамаша жерде орналасқан. Қалалық әуежайдан 45 км қашықтықтағы 3-қабатты зауытты түгел аралап, барлық өндіріс нүктелерімен таныстық. Күтіп алған топтан бастап, барлығы жұмыс орнында арнайы киім киген. Аяқ киім, бас киім, дене түгел жабық тұратын сырт киім кию міндетті. Сондай киім бізге де берілді. Содан соң ғана зауыттың нағыз табалдырығын аттап, шикізаттан дайын өнімге дейінгі процесті басынан аяқ аралап, көрдік. Жад модулін жасау үшін шикізат арнайы қорапқа салынады. Үстіне желім жағылып, сканерленеді. Оның үстіне чип орнатылып, бекітіліп, дәнекерленеді. Осыдан соң бірінші тест (тексеру) үлкейткіш әйнекпен (лупа) жасалады. Ол ары қарай сатылай бір жұмысы біткен соң автоматты түрде екінші, үшінші сатыға өтіп, қызметкерлердің қатаң бақылауымен іске асады. Келесі саты таңбалау (маркировка), кесу (бірнеше модульдер қаз-қатар қойылып жасалған өнім жеке модульдерге бөлінеді), одан арнайы тартпаға (лотокқа) келіп түседі. Осы тұста көзбен шолып, байқап тексеру (визуальный тест) жұмысы жасалып, көлемі өлшенеді. Тағы да тексеріс. Ендігі кезекте бағдарламалау жұмысы (программирование) сонан соң тігу (прошивка), қайтадан көзбен шолып, байқап тексеру, сапасын тексеру (арнайы мамандар алып қарайды, оның өзі екі жолмен электрлік және косметикалық), байлау, орап, түю жасалынып, қоймаға жіберіледі. Өнім дайын. Бір тапсырысты орындау үшін 3-4 күн уақыт жұмсалады. Шұғыл тапсырыстар кездескен жағдайда 1 күннің ішінде дайындап береді.

Жадының бір жақ беті жасалған соң, тура сол процеспен екінші жақ беті дайындалады.

Өнімді қорапқа салу, орап, түю бәрін автоматтандырылған машиналар жасайды. Ал оны тапсырыс беруші келіп, немесе серіктес компаниялар және логистикалық компаниялар арқылы белгіленген жерден яғни қоймадан алып кетеді. Орасон зор зауытты аралап болған тұста, бүгінде адами факторды автоматтандырылған машиналар алмастырып келетіндігі байқалады. Дегенмен, бұл ойымызбен зауыт басшылығымен бөліскен тұста адами капитал, адами фактор толық ешқашан автоматтандырылмайтынын, бұнда да адам көмегімен іске асатын, машина жасай алмайтын жұмыстың көптігі тілге тиек етілді. Қызметкерлер автоматтың дұрыс жұмыс істеуін қадағалап, қажет жерін түзеп отырады екен. Осы орайда зауыттың платты монтаждау жоғарғы линиясының техникалық қызметкері Кэти Янгпен және тестілеу бойынша инженер Патриция Джинмен әңгімелесудің сәті түсті. Біздің бірнеше сұрағымызға Кэти Янг былай деп жауап берді: «Мен техникалық қызметкермін. Міндетім осы линия машиналарының жұмысын қадағалау. Ақау дабылы болған жағдайда, мен оны тауып, жөндеуім керек. Ал компанияда 8 сағат жұмыс істегендерге ыстық тамақ тегін беріледі, егер үстеме жұмыс болса, екі мезгіл тамақ беріледі. Сондай-ақ, қызметкерлерге тегін автобус, ал жеке электрлі мотоциклмен келетіндерге көлік тұрағында көліктерін тегін қуаттап береді. Ол да үлкен көмек». Ал Патриция болса, компанияда 12 жыл қызмет етіп келеді екен. Бұл жерде үйренгені көп екенін, әлі де ізденіп, жаңа мүмкіндіктерін дамытып, жұмыс, әріптестер бәрі бір-біріне қамқорлықпен қарап, басшылық тарапынан да үнемі отбасылық жағдай болсын, жұмыс бабымен болсын қолдау көрсетіліп тұратындығын айтты.

Қазақстанға тек Шанхай қаласынан емес, компанияның барлық кеңселерінен тауар әкелінеді. Өнімнің көп бөлігі біздің елге Тайваньнан жеткізіледі екен.

Компания туралы қысқаша қосымша ақпарат:

Kingston Technology Inc. зауыты – деректерді сақтау құрылғыларын шығару бойынша әлемдегі ең ірі өндіріс базасы. Сондай-ақ, бұл Kingston-ның барлық өндіріс алаңдарының ең үлкен бөлігі. Kingston Technology Inc. зауыты (Шанхай қаласы, Қытай) 2001 жылы негізін қалаған және «Пудун» әуежайынан 45 км Шанхай қаласында еркін сауда алаңында орналасқан. Шанхайдағы дүниежүзілік жад алыбының ауданы 25 000 шаршы метрді құрайды, онда күнделікті SMT (құрастыру желілерінің) 18 өндірістік конвейерде 1000 адамнан тұратын қызметкерлер құрамы жұмыс істейді. Kingston Technology Inc. зауыты ValueRAM және өзге оперативтік жад (серверлік, ойын және т.б.) модульдерін шығару мен тестілеуге, SSD және кейбір флеш-жад түрлерін толық тестілеуге (SSD және флеш-жад бойынша өндіріс күштері Тайваньдағы зауытта орналасқан) бейімделген.

Kingston Technology Inc. 1987 жылы Джон Ту және Девид Сан инженерлерімен құрылған. Бүгінгі таңда Kingston деректерді сақтау құрылғыларын өндірушілер арасындағы дүниежүзілік көшбасшы (46,2%, оның ішінде 40% Dell, Sony, HP, Aser, Asus, Toshiba, IBM әлемдік өндірушліер және өзгелер үшін). Kingston өнімді өндіргенге дейін және кейін тестілеуді алғаш болып енгізген, бұл брендтің аңызға айналған сапа сенімділігі мәртебесін қамтамасыз етті. Kingston деректерді сақтау құрылғыларының бірнеше бағыттарын шығарады. Компьютерлік жадтың әртүрлі модуль түрлері ValueRAM – салалық стандарттарға сәйкес келу үшін жасалған және тестіленген, жад модульдері. HyperX – геймерлер үшін арнайы жасап шығарылған өнім сериясы. Флеш-жад (SSD, USB, MicroSD, MiniSD, media reader/writers және т.б.). Қазақстанда Kingston Technology Inc. компаниясы 2006 жылдан бастап ұсынылған, алайда нарықта тек 2012 жылдан бастап берік қызмет ете бастады.

Жолдаған: Еңлік АҚЖІГІТ

Алматы-Шанхай-Алматы

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: автордан

А. Құлтай