Қай браузерді таңдаймын?

Қай браузерді таңдаймын?

Бүгін сіздермен бірге түрлі браузерлердің ерекшеліктері мен артықшылықтары туралы сөз қозғаймыз. Не десек те, ең жақсы браузер мынау деп анық айту мүмкін емес сәрсе. Неге деп ойлайсыздар?

Бәрі тым қарапайым. Әрбір қолданушы үшін өзіне ыңғайлы браузер болады. Белгілі бір браузерді ең жақсы деп айтатын адам оны тек өзінің қажеттіліктерінің тұрғысынан қарайды. Ал адамның қажеттіліктері әр қилы. Сол себепті, ең мықты браузерді де анықтау өте қиынға соғады.

Айта кетелік, әлемдегі ең көп таралған 5 браузердің де (Internet Explorer, Mozilla Firefox, Google Chrome,Opera и Apple Safari) өзіндік ерекшеліктері бар. Әр адам өз қажеттіліктеріне байланысты осы браузерлердің бірін таңдап жұмыс істейді. 

Әдетте қолданушылар өз сүйікті браузерлерін мақтап-мадақтағанда мына нәрселерге көңіл бөледі:

  • Веб-стандарттарға сай
  • Пайдалы функциялардың көптігі
  • Қауіпсіздік

Олай болса, біздің жазбамызда да түрлі браузерлер осы параметрлер бойынша сынға салынатын болады.

Веб-стандарттарға сайлығы

Веб-стандарттарға сай жасалған браузер интернет-сайттарды  дұрыс бейнелейді. Қазіргі кезде танымал браузерлердің барлығы дерлік веб стандарттарға сайт жасалған. Тек  Internet Explorer ғана осы тұрғыда дамымаған.

Қазіргі кезде ACID 3 стандарттаны сай ең сапалы браузерлердің қатарына Safari, Google Chrome және Opera-ны жатқызуға болады. Mozilla Firefox бұлардан сәл ғана артта қалып отыр. Ал Internet Explorer бұл тұрғыда өте қатты қалыс қалған.

Айта кететін бір нәрсе бар. Opera Гугл компаниясының сервистерін әлі күнге дейін дұрыс бейнелемейді. Сол себепті егер сіз Гуглдың Gmail, Google Reader немесе Google Wave секілді сервистерімен жұмыс істейтін болсаңыздар, бұл браузерден бас тартқаныңыз жөн болады. Дегенмен уақыт бір орында тұрмайды. Сол себепті көп ұзамай бұл проблема да шешіліп қалуы ықтимал.

Айта кетелік, барлық стандарттарға 100 пайыз сай құрал ретінде Amaya веб-редакторын айтуға болады. Бұл редакторды Бүкіләлемдік желілердің стандарттарына жауап беретін The World Wide Web Consortium ұйымы жасап шыққан. Дегенмен бұл программада интернет-браузер сервисі тек қосымша қызмет ретінде орналастырылған. Сол себепті редакторды браузер ретінде қолдану ыңғайсыз болып табылады.

Бұл бөлімнің қорытындысы ретінде айтатын басты нәрсе мынау. Веб стандарттардан әлдеқайда артта қалып қойған Internet Explorer-дан басқа браузерлер өз қызметін жақсы атқара алады. 

Функционалдылығы

Функционалдылық дегенді де екі түрлі түсінуге болады:

  • Браузерді орнатқаннан кейінгі қолжетімді функциялар
  • Браузерге орнатуға болатын функциялардың түрлері

Егер әңгіме браузердің бастапқы функциялары туралы болса, бұл тұрғыда Opera браузері бірінші орында тұр. Браузер қолданушыға өте көп мүмкіндіктерді ұсынады.

Дегенмен Safari, Mozilla Firerox және Google Chrome браузерлерінің плагиндерінің беретін мүмкіндіктерінің көптігі сонша, Operа-ны артта қалдырады. Бірақ бұл браузерлерде жаңа функциялардың пайда болуы үшін өзімізге керекті плагиндерді орнатып алуымыз керек.

Internet Explorer бұл тұрғыда да артта келе жатыр. Дегенмен, браузердің сегізінші нұсқасында танымал сайттар мен сервистерге жылдам кіруді қамтамасыз ететін жылдамдатқыштарды орнатуға болатындығын айта кету керек.

Тағы бір маңызды мәселе бар. Егер сіз Windows операциялық жүйесінің қолданушысы болсаңыз, сіз Safari-дың плагиндерін орната алмайсыз. Бұл плагиндер тек егер сіз Mac OS X операциялық жүйесімен жұмыс істейтін болсаңыз қолжетімді болады.

Бұл бөлімді де қорытындылайық. Сонымен функционалдылығының тұрғысынан бірінші орында Mozilla Firlefox тұр. Бұл браузердің артында іле-шала Google Chrome тұр. Одан кейінгі орынды Safari және Opera браузерлеріне береміз. Көштің ең соңында тағы да Internet Explorer қалды.

Қауіпсіздік

Браузердің ең маңызды параметрлерінің бірі қауіпсіздігі. Бұл тұрғыда лидерді атап көрсету қиын. Есесіне анық аутсерді көрсетуге болады. Бұл параметр бойынша тағы да Internet Explorer соңғы қатарда тұр.

Қолданушылардың мәліметтерін ұрлаудың алдын алу тұрғысынан осы Internet Explorer браузерінің кемшіліктері өте көп. Оның үстіне табылған кемшіліктерді жөндеуге Microsoft компаниясы асықпайды. Көп жағдайда кемшіліктер біршама ұзақ уақыттан кейін жөнделіп жатады.

Кемшіліктері ең көп екінші браузер ретінде Mozilla Firefox-ты айтуға болады. Бірақ! Internet Explorer-мен салысттырғанда бұл браузерлердің кемшіліктері өте тез түзеліп жатады. Компания өте тез арада браузердің жаңа нұсқаларын жасап шығарып, қолданушыларға ұсынып жүр.

Қалай болғанда да, қандай браузерді қолдансаңыздар да мына қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаңыздар:

  • Күмәнді сайттар мен сілтемелерге кірмеңіздер
  • Күмәнді файлдарды жүктемеңіздер
  • Антивирусыңызды әрдайым жаңартып отырыңыздар

Резюме

Ең жақсы браузерді таңдауды өзіңізге қалдырдық. Әрбір браузерді бірнеше күн пайдаланып сынап көріңіздер. Осылайша өзіңізге тиімді браузерді таңдап ала аласыздар.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: best-browser.ru

Б. Қосмағамбет